Қазақстанға 21 шетелдік компания орналастырылды - СІМ

28 Желтоқсан 2022, 19:29 1031

Бұл туралы СІМ ресми өкілі мәлім етті

Биыл жалпы сомасы 3,7 млрд доллар болатын шетелдің қатысуымен 36 инвестициялық жоба пайдалануға берілді3,8 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Экономиканың түрлі салаларында ұсынылған инвестициялық жобалардың Жалпыұлттық пулымен екпінді жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда пул әлемнің 30-дан астам елінен жалпы сомасы 32,1 трлн теңгеге инвестициялар тарта отырып, 932 жобадан тұрады және шамамен 130 мың жұмыс орнын құруды көздейді.

ESG-күн тәртібін ескере отырып, әлемдік кеңістікте «жасыл» инвестициялардың рөлі артып келеді. Бір қызығы, бұл бағытта Қазақстанның рөлі де артуда. Келесі жобаларды іске асыру елімізге «жасыл» сутегінің әлемдік топ-10 өндірушілерінің қатарына кіруге мүмкіндік береді: ағымдағы жылдың қазан айында Svevind неміс-швед компаниясы Қазақстан Үкіметімен жобалық қуаты 20 ГВт «жасыл» сутек өндіру зауытын салу туралы келісімге қол қойды. Құны 50 млрд доллар тұратын бұл жоба жылына 2 млн тоннаға дейін «жасыл» сутегі өндіруге мүмкіндік береді.

Мысырда өткен COP27 жаһандық конференциясында Қазақстан Үкіметі мен Fortessue аустралиялық компаниясы арасында біздің елімізде «жасыл» сутегі өндіру жобаларын іске асыру туралы келісімге қол жеткізілді. Мемлекет басшысының Парижге сапары аясында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Франция үкіметімен «Жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы» арнайы келісімге қол қойды. Осы құжаттың тармақтарының бірі - Жамбыл облысында (Мирный кентінде) қуаты 300-600 МВт сағ энергия жинақтау жүйесі бар қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу. Жобаны Total Eren және «Самұрық-Қазына» АҚ жүзеге асырады.

Сонымен бірге Ресей Федерациясы мен Беларусьтегі қызметін тоқтатқанын жариялаған ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықаралық корпорацияларды Қазақстанда орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Әлемнің 37 елінен 362 ірі компаниялардың тізімі құрылды.

Бүгінгі таңда Қазақстанға 21 компания орналастырылды, олардың 13-і пысықталуда, тағы 28 компания бойынша белсенді келіссөздер жүргізілуде.

EL.KZ
Бөлісу: