Бір тәуліктің ішінде-ақ әлемге әйгілі Duolingo-ны шаң қаптырып, App Store тізімінде Қазақстан бойынша көш бастаған қосымша – Aleem. Бұл – қазақстандық жас IT-мамандардың еңбегі. Ал «Білім» санатында Aleem тек Қазақстанда емес, Қырғызстан мен Тәжікстанда да бірінші орынға, ал ТМД елдерінің бірқатарында үздік ондыққа енді. Мұндай нәтиже – тек сәтті маркетинг емес, инновациялық тәсіл мен нақты идеяның жеңісі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Aleem – жай ғана сөз жаттайтын бағдарлама емес. Мұнда қолданушы күнделікті өмірде расымен қажет болатын сөздер мен тіркестерді үйренеді, өзі қызығатын тақырыптарда жазып, сөйлеп, тәжірибе жинақтайды. Қосымша тілді оқытудың барлық негізгі элементтерін - сөйлеу, жазу, сөздік қор және грамматиканы - бір экожүйеде біріктіріп, әр пайдаланушыға жеке оқу жоспарын қалыптастырады.
Aleem-нің басты ерекшелігі - тілді «оқитын пән» емес, өмір салтына айналдыру.
Жобаның негізін қалаушы және бас директоры Алидар Күчуков бұл бастаманың мақсатын былай деп дәл сипаттайды:
Біз screen time-ды fluency-ге айналдырғымыз келеді. Адам күн сайын телефонда өткізетін уақыт - оқу, видео көру, сөйлесу - барлығы білім алудың табиғи бөлігіне айналуы керек. Бұл дербестендірудің жаңа деңгейін ашады.
Оның айтуынша, Aleem дәстүрлі оқытудың шеңберінен шығып, тіл үйренуді заманауи адамның күнделікті цифрлық дағдысына айналдыруды көздейді.
Aleem-нің жетістігі – қазақстандық IT-жасампаздықтың жаңа дәуірін көрсетеді. Бұл – қаражатқа емес, идея мен жігерге сүйенген жоба. Бір тәулікте Duolingo-ны басып озу – әлемдік нарыққа ұмтылған кез келген стартап үшін армандағы меже.
Aleem-нің табысы қазақстандық жастардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті өнім жасай алатынын дәлелдеді. Енді бұл қосымша – тек тілді үйрететін құрал емес, қазақстандық технологияның жаңа брендіне айналуы әбден мүмкін.
Aleem - тек сәтті қосымша емес, қазақ жастарының жаңа буынының амбициясы мен сенімінің көрінісі. Жобаның артында тұрған команда - тәжірибесі әртүрлі, бірақ мақсаты ортақ талантты мамандар.
Асылжан Алтай – платформаның негізін қалаушы. Маркетинг пен бренд дамуына жауапты.
Темірлан Аманжанов – қосымшаның техникалық шешімдерінің авторы.
Ален Алтай – контент пен пайдаланушы тәжірибесінің сапасын қадағалайды.
Бердібек Сапарбеков – процестер мен команданың үйлесімділігін қамтамасыз етеді.
Темірлан Темірбаев – инженер, Aleem жүйесінің архитектурасын жетілдіруге атсалысқан.
Айя Жұмағалиева мен Амаль Садекова – дизайнерлер, интерфейстің қарапайым әрі заманауи стилін қалыптастырған.
Aleem қосымшасының тарихы
Aleem идеясын әзірлеу 2025 жылдың көктемінде басталған. Сол жылы жазда команда алғашқы MVP-нұсқасын (минималды жұмыс үлгісін) іске қосып, қолданушылардан алғашқы кері байланыс алған. Ал күзге қарай жоба толыққанды даму кезеңіне өтіп, команда өз уақытын да, күшін де толықтай Aleem-ге арнады.
Ең қызығы - қосымша едәуір шектеулі бюджетпен, энтузиазм мен бірнеше құралдарға жазылу есебінен жасалған. Дегенмен дәл осы ықылас пен табандылық жобаны табысқа жеткізді. Қазір Aleem АҚШ-тағы AlchemistX акселераторында дамуда - бұл әлемдік деңгейдегі стартаптарды қолдайтын және олардың жаһандық нарыққа шығуына мүмкіндік беретін беделді бағдарлама.
Қазіргі уақытта Aleem қосымшасы барша қолданушыға толықтай тегін қолжетімді. Алайда жоба авторлары бұл бастаманы тек бизнес ретінде емес, қоғамдық маңызы бар миссия ретінде қарастырады - басты мақсат - қазақстандықтардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін көтеру және білімге тең мүмкіндік беру.
Болашақта Aleem Freemium үлгісіне көшуді жоспарлап отыр: негізгі функциялар тегін қала береді, ал қосымша мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін қолжетімді жазылым ұсынылады. Сондай-ақ, команда дербестендірілген жарнама жүйесін және B2B бағыттағы корпоративтік өнімдерді енгізуді көздейді.
Жобаның басты ұстанымы айқын - қазақстандық қолданушылар үшін жазылымды барынша арзан әрі тиімді ету. Бұл - коммерциялық табысқа емес, нақты миссия мен білімге қызмет ететін стартаптың айқын белгісі.
Өз телефоныңызда жеке мұғалім бар деп елестетіңіз - дәл соған ұмтылып жатырмыз, - дейді Aleem қосымшасының негізін қалаушы Алидар Күчуков.
Aleem - ағылшын тілін үйренуге арналған интеллектуалды экожүйе, яғни бір ғана қосымша арқылы тіл үйренудің барлық кезеңін қамтитын орта. Мұнда оқу үдерісін жеңілдетіп, нәтижелі етуге бағытталған құралдар жинақталған:
Жазу тәжірибесі мен жасанды интеллект ұсынатын нақты кері байланыс;
Флэш-карталар және өмірлік жағдаяттарға негізделген интерактивті жаттығулар;
Барлық тілдік дағдылар бойынша прогресті бақылау жүйесі;
Қолданушының қызығушылығы мен деңгейіне сай жеке оқу моделі.
Aleem - тек тіл үйрететін бағдарлама емес, қазақша ойлайтын технологиялық көзқарастың үлгісі. Ол қарапайым интерфейсімен, логикалық құрылымымен және күнделікті өмірмен байланысқан тәсілімен ерекшеленеді.
Бұл қосымша - ағылшын тілінде еркін сөйлеуді армандаған мыңдаған қазақстандықтың сенімді серігі, яғни қалтаңыздағы цифрлық ұстаз.