Қазақстандықтардың көбі несиенің не екенін білмейді - банк өкілі

19 Мамыр 2023, 14:42 876

Halyk Bank-тың Астана филиалының директоры Жанар Рахымова қазақстандықтар несиенің не екенін білмейтінін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жасыратыны жоқ, көп отандасымыз қаржыны қалай басқару керек екенін, «несие» ұғымының астарында не жатқанын нақты біле бермейді. Соның салдарынан, қаржылық сауаты төмен адамдар қарызға белшесінен батып жатады. Сондықтан еліміздің жетекші банкі ретінде «Қарызсыз қоғам» жобасы біз үшін өте маңызды. Айта кетейік, өңірлердегі қызметкерлеріміз оқу процесіне белсенді араласып жатыр. Олар дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрағына жауап беруде. Алғашқы аптаның нәтижесін көріп, халықтың жобаға деген жоғары қызығушылығын байқадық. Осылайша, қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған сабақтың отандастарымызға қаншалықты қажет екеніне көз жеткіздік. Демек, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылады, – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Жобаны Halyk Bank қаржыландырады. Жобаның басты мақсаты – азаматтардың қаржылық сауатын арттыру. Оқыту жұмысы жыл соңына дейін жалғасады. Бірінші кезеңде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 80 мыңға жуық адам оқудан өте алады. Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласу қажет. Тыңдаушылардың жаңа тобына арналған сабақ биыл 29 мамырда басталады. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Оқу процесінің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.

Спикер қаржы мамандарының дәрісімен қатар, оқу процесіне қатысушыларға заңгерлік көмек көрсетілетініне кепілдік берілетінін айтты. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді.

Оқыту жұмысы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстары сынды еліміздің сегіз өңірінде жүргізілуде.

Бүгінде бас-аяғы 6120 адам оқыту курсынан өтті. Оның 81,5%-ы – әйелдер, 18,5%-ы – ер адамдар. Кәсіптер бөлінісінде жобаға қатысушылардың 17,3%-ы – бюджет саласының қызметкерлері, 13,6%-ы – кәсіпкерлер, 48,2%-ы – әлеуметтік жәрдемақы алушылар, 15,3%-ы – жұмыссыздар, 5,6%-ы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Айта кетейік, жобаға қатысушылардың 69,4%-ның несиесі бар. Сондай-ақ 46,8% адамның ай сайынғы төлемі – 100 мың теңгеден төмен, ал 9,5% қатысушы 90 күннен астам уақыт төлем жасау мерзімін өткізіп алды.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: