Қазақстандықтар зілзаладан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты

10 Ақпан 2023, 12:00 1110

Түркия мен Сирияда орын алған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны күн санап артып барады. Айтып келмес апаттан мерт болған азаматтарға қазақстандықтар да қайғырып көңіл айтуда, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында Түркияда қаза тапқан  отандасымыз Мирболат Құрмашевтың жақындарына көңіл айтты. 


«Талантты, білікті азамат еді. Тезірек табылуын, амандығын тілеп едік. Иманы жолдас болсын. Жақындарына көңіл айтамын», – деп жазды министр.

Қазақстан Республикасының Президентінің жанындағы Әйелдер істер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева да жерлестерімізді ел болып тірі табылса екен деген үмітімізді үзбеген едік деп қынжылды.  


«Түркиядағы алапат жер сілкінісі салдарынан қапияда қаза болған жерлестеріміз - Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтың туғандары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Кешеге дейін бүкіл ел болып үміт отын өшірмеген едік… Тірі табылса деп тілеген едік… Амал не… Цифрлық технологияның қыр-сырын еркін игерген Мирусты талайдан танитын едім. Соңғы рет онымен Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тұрғанда қызмет барысында кездескенбіз. Мирус өте еңбекқор, ізденімпаз жас болатын. Қысқа ғана ғұмырында талай стартап-жобаларды (Digital Kazakhstan) жарыққа шығарды, IT саласында оның есімі танымал, үлкен құрметке ие болды. Осындай жігері - жалын, білімі - терең, еліне бергенінен берері мол өрім жастардың мезгілсіз өмірден озатыны өте өкінішті.. Марқұмдардың иманы саламат болсын! Бауырлас түрік халқына сабыр тілеймін», – деді Аида Балаева. 


Расында да Түркияда орын алған зілзаланың ауыртпалығы туысқан елдердің ғана емес, жалпы адамзаттың қабырғасына қатты батып отыр.


«Хатайда қираған үй астынан қазақстандық Мирус Құрмашевтің денесі табылды. Білетіндер «айти саласындағы өте білікті маман, білімді азамат еді» дейді. Бұған дейін сол жерден Әділ Қадырбековтың денесі шыққан. Иманды болсын… Ағасын іздеп барған Алмат Құрмашевтың жазуынша, кран мен өзге де іздеу техникалары бүгін түске қарай жеткен. Таңға жуық жанұшырып көмек сұрап жүрген видеосын салып еді. Енді осылай техника үлгермей, қанша адам үзіліп кеткенін ойлай беріңіз», – деп жазды журналист Абай Сейфуллаұлы.


Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мирболат Құрамашевты «бірге білім алған бауырлар едік» деп еске алды.


«Соңғы үміт оты сөнді. Сенгім келмейді…Соңына дейін үміттеніп едік. Алайда Мирус бауырымыздан айырылып қалдық. Мирус екеуіміз курстас болдық. Ол өте креативті еді, ауқымды дүниелер жасағысы келетін, тартымдылығының арқасында адамдарды ұйымдастыра алатын. Дінге берік адам еді. Мағжан Астана Хабты құру бойынша алғашқы қадамдарын бастағанда ол көп көмек етті, тегін, ешқандай келісімсіз. Қолынан келгенін істеп, Қазақстанның IT-саласын дамытуға үлесі мен көмегін қосты. Қазақстанда оның бірнеше бизнес бастамалары болған, 2020 жылы мемлекеттің қатысуымен бір-екі жобаны іске асырғысы келді. Бірақ, Мемлекет Басшысы мені министр етіп тағайындаған кезде ол жобалардан өз еркімен бас тартты. Арамызда түсініспеушілік тудыратын жағдайларды болдырмау үшін мен идеяларымды шет елде жүзеге асырамын, деді ол. Мирус - жиһанкез, біраз жерде болды, бірақ тұрақталу үшін Түркияны таңдап, соңғы екі жыл негізінен сол жақта тұрып жатты. Президенттің Анкараға ресми сапарының алдындағы қазақстандық IT-мамандарының сол жаққа барғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. Біз сол кезде оларды Стамбулдың бірнеше ірі IT-компаниясына апарған едік. Мирус осы іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы болды. Біз оған Астана Хабтың өкілі болуды ұсындық, өйткені екі мемлекеттің хабтары мен мамандарын жақындастыратын адамның болуы маңызды еді. Студенттік кезден де біраз жақсы естеліктер бар, жақын араласқан жолдастары оларды айтып жатар деп ойлаймын. Иманды болсын! Жаның жәннаттан орын тапсын бауырым», – деді министр.


El.kz ақпараттық агенттігінің ұжымы да Түркия мен Сирияда жер сілкінісінен қайтыс болған марқұмдардың жақындарына қайғыра көңіл айтады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: