Қазақстандықтар жиі демалатын орындар

19 Шілде, 13:00 1140

Адамдар жаз бастала салысымен демалысқа шығып, саяхаттағанды ұнатады. Шамасы жеткендер шетелге кетсе, ел ішінде қалып та уақытын тиімді өткізетіндер де бар. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігі қазақстандықтардың жиі саяхаттап жүрген елдеріне шолу жасады.  

Қазақстандағы ішкі туризм

Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің хабарлауынша, ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 1 миллион 493 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған. Ішкі туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 145 мың адамға артты.

Алматы, Астана және Шымкент қалалары жалпы ішкі туристер үлесінің 46 пайызын тарта отырып, ішкі туристік бағыттар арасында көшбасшы атанды. Сонымен қатар өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда Қазақстанның 14 өңірінде туристер санының өскені байқалды. Әсіресе, 187 пайызға өсім көрсеткен Батыс Қазақстан облысы ерекше көзге түсіп отыр.

Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаевтың сөзінше, 2024 жылдың бірінші тоқсанында ішкі туризм көрсеткіштері айтарлықтай өскен.

Бұл – туристік инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытындағы мақсатты жұмысымыздың нәтижесі. Біз Қазақстанды әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер үшін одан да тартымды етуге тырысамыз. Сондай-ақ ішкі саяхаттар үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, осы секторды серпінді дамытуды жалғастырамыз, – деді Нұртас Кәріпбаев.

Қазақстанның топ-5 курорттық аймағы 

Биылғы жылдың қаңтар-наурыз аралығында Қазақстанның курорттық аймақтарында 766 588 адам демалған. Осы ретте оқырман назарына ең танымал үздік бес курорттық аймақты ұсынамыз.

Бесінші орынға Алтай курорттық аймағы жайғасты.  Осы жылдың алғашқы үш айында 20 696 турист келген.

Төртінші орында Түркістан туристік аймағы. Түркістанның бай тарихы мен мәдени мұрасын 26 069 қонақ тамашалады.

Маңғыстау курорттық аймағы үшінші орында. Бірегей табиғи ландшафттар мен Каспий теңізінің жағалауы 57 529 туристтің демалатын орнына айналды.

Екінші орында Щучье-Бурабай курорттық аймағы тұр. Көкшетаудың табиғи сұлулығы, көлдері мен ормандары 69 103 саяхатшыны таң қалдырды.

Ал Алматы тау кластері бірінші орында. Бұл ең көп туристерді қабылдаған курорттық аймақ. Оның табиғаты мен тау пейзаждарын 551 965 турист тамашалады..

Елдегі қонақүйлер мен орналастыру орындары 50,7 миллиард теңгеге қызмет көрсетті

2024 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстандағы қонақүйлер, демалыс орындары, хостелдер және басқа да орналастыру орындары 50,7 миллиард теңгеге қызмет көрсеткен. Бұл – былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18% көп. 2023 жылдың алғашқы үш айында еліміздегі орналастыру орындарында қызмет көрсету көлемі 43,1  миллиард  теңгені құрады.

Саяхатшылардың басым бөлігі Алматы, Астана қалаларына, сондай-ақ Алматы, Ақмола және Маңғыстау облыстарына тоқтаған. Оған қоса орналастыру орындарының саны 156 бірлікке артып, 4004-ке жетті. Біржолғы сыйымдылық 7 мың төсек-орынға өсіп, жалпы 207 мың төсек-орыннан асты. Бұл – туристерді орналастыру мүмкіндігі айтарлықтай артқанын көрсетеді.

Қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарының ұсынған қызмет көлемінің ұлғаюы Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Біз туристік инфрақұрылымды дамытуды және елімізге келетін қонақтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуды жалғастырамыз, – деді туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Қазақстандықтар демалуға жиі баратын елдер

«Туристік Қамқор» корпоративтік қорының мәліметі бойынша, 2023 жылы 847 411 қазақстандық турист шет мемлекеттерде демалды. Олардың ішінде ең көп қазақстандық туристер барған мемлекеттер: Түркия – 256 131, БАЭ – 175 135, Тайланд – 123 168, Вьетнам – 62 390, Египет – 173 762.

Биылғы жылдың 5 айында шетелге 338 728 қазақстандық турист саяхаттаған. Осы жылы да қазақстандықтар үшін Түркия, БАЭ, Тайланд, Вьетнам, Египет бағыттары танымал.

Түркияға жыл сайын демалуға келетін саяхатшылардың санында шек жоқ. Себебі мұнда демалу үшін Қазақстан азаматтарына виза әзірлеудің керегі жоқ. Әуежайда шетелдік төлқұжатқа Түркия аумағында 90 күн болуға құқық беретін белгі қойылады.

Әлемнің әр бұрышынан келетін демалушылардың арасынан еуропалықтарды да, азиялықтарды да көптеп кездестіруге болады. Бұл жыл өткен сайын Түркия еліне келушілердің саны артып келе жатқандығын білдіреді. Туристер түрік халқына тән нәрсенің бәріне көріп, әсем табиғатын тамашалап, тарихи құндылықтарына тәнті болуды қалайды.

Түркияның саяхатшылары Ыстамбұл, Каппадокия, Олюдениз, Ликия жолы, Памуккале, Капуташ жағажайы сияқты ең танымал демалыс орындарына жиі барады.

Біріккен Араб Әмірліктері – саяхатшылардың таңдауы жиі түсетін, Қазақстанның туристік нарығында алдыңғы орында тұрған бағыттардың бірі болып есептеледі. Себебі онда адамдардың көңілінен шығатындай барлық жағдай жасалған. Жайлы жағажайлар, жылы теңіз суы, қызықты экскурсия, сафари, спорттық ойын-сауықтар, дәмді тағам, тиімді шопинг сынды демалуға қажет орындардың барлығы бар. БАӘ-ге саяхаттауға келген туристердің іші пыспасы анық.

Египет – перғауындар мен пирамидалардың таңғажайып елі. Ол бұрыннан туристердің ең сүйікті саяхат орны деп саналады. Жергілікті курорттарда ересектер мен балалар үшін барлық қажетті қолайлылық пен түрлі демалыс шаралары бар. Мұнда жағажайға, ойын-сауыққа барып, көрікті жерлерді аралап, уақытты көңілді әрі қызықты өткізуге болады.

Египетте суық айларда ауаның орташа температурасы +22 ° C деңгейінде. Қызыл теңіз туристерді экзотикалық өсімдіктерімен, жануарларымен және жылы көгілдір суымен таң қалдырады. Ал Хургада және Шарм-эль-Шейх сияқты ең сәнді және танымал курорттар жағалауда орналасқан. 

Тайланд – миллиондаған турист қызығатын танымал демалыс орны. Оның жағалауларында көптеген курорттар орналасқан. Елдің солтүстігінде жасыл таулы алқаптар бар. Тайланд Оңтүстік-Шығыс Азияның дамыған және тартымды мемлекеттерінің бірі болып саналады. Тауарлары мен қызмет көрсету бағасы төмен, экономикалық жағдайы туристерге ыңғайлы. Мұндағы тамаша курорттар, қонақ үйлер, тайлық асхана және жергілікті жердің салт-дәстүрі, барлығы да адамды қызықтырады.

Вьетнам – Азияның оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет, бай тарихы мен мәдениеті бар. Оның астанасы – Ханой. Бұл елдің Хошимин, Дананг, Нячанг, Хюэ, Фантхьет, Далат, Вунгтау, Хайфон, Муйне сынды ірі, әсем қалалары бар.

Вьетнам Қытай, Камбоджа және Лаоспен шектеседі. Ол тауларды, аңғарларды, тропикалық ормандар мен өзендерді біріктіретін бай жер бедерімен ерекшеленеді.

Мемлекеттің климаты тропикалық, ал мұндағы ауа райы жағдайлары циклондарға байланысты. Жыл мезгілдері, көптеген тропикалық елдердегідей жазғы ылғалды және қысы құрғақ болып бөлінеді. Вьетнам ең алдымен өзінің алуан түрлі табиғатымен қызықтырады, егер солтүстік аймақтарда жел мен салқын ауа райы байқалса, оңтүстік аймақтарда ыстық болады. Мұндағы орташа жылдық температура 27 градусқа дейін жетеді.

Визасыз баруға болатын мемлекеттер

Қазақстандық азаматтарға визасыз баруға болатын елдер тізімі жыл сайын көбейіп жатыр. 2024 жылдың өзінде бірнеше мемлекетке визасыз барып, демалып қайтуға болады.

Шенген аймағынан тыс Еуропа елдері мен Азияның бірқатар елдеріне есік ашылды. Үш айға дейін визасыз жүруге болатын елдер саны артты.

2024 жылы визасыз баруға болатын елдер:

90 күнге: Албания, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Гаити, Македония, Моңғолия, Молдова, Ресей, Украина, Коста-Рика, Колумбия, және Тунис.

30 күнге: Аргентина, Антигуа және Барбуда, Бразилия, Вьетнам, Куба, Мальдив аралдары, Сент-Винсент және Гренадина, Түркия, Сейшел аралдары, Сербия, Оңтүстік Кория, Тәжікстан, Өзбекстан, Эквадор, Индонезия, Малайзия, БАӘ, Черногория, Филиппин аралдары.

28 күнге: Барбадос.

14 күнге: Хайнань аралдары, Гонконг.

5 күнге: Маңғыстау және Атырау облыстарында тіркелген азаматтар үшін Түркіменстанның Балқан велаятына.

Шектеусіз мерзімге: Беларусь, Қырғызстан, Намибия.

Егер биыл саяхатқа шығуды жоспарласаңыз, жоғарыда аталған тізімге енген елдердегі саяси жағдайды анықтап алғаныңыз жөн. Украина, Ресей, Беларусь аумағы мен Таяу Шығыс елдеріне ұзақ мерзімге жоспар құрмаңыз. Егер Қырым немесе Абхазия, Оңтүстік Осетияға барып жатсаңыз, Украина мен Грузияға кіргенде қиындық болуы мүмкін.

Бірқатар елдерге шетелге шығатын паспорт жасамай-ақ, ішкі жеке куәлікпен баруға болады: Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Әзірбайжан.

Визасы арзан, құжат жасату жеңіл елдер:

90 күнге: Мозамбик (20$), Бангладеш (50$), Боливия (100$), Гвинея (60$), Гренада, Замбия (50$), Кения (50$), Камбоджа (20$), Ливан, Мадагаскар (65$), Сенегал, Уганда (50$).

60 күнге: Маврикий (20$).

30 күнге: Бурунди, Шығыс Тимор (30$), Доминикан (10$), Джибути (30$), Мысыр, Кабо-Верде, Иордания (15$), Лаос (30$), Макао, Мозамбик (25$), Никарагуа (60$), Палау, Сомали, Тувалу, Ямайка (20$).

15 күнге: Вьетнам (60$), Непал (25$), Таиланд.

7 күнге: Того (70$).

2024 жылы қазақстандықтар сапар кезінде транзиттік ел ретінде қона алатын аймақтар: Черногория, Румыния, Мексика, Гондурас, Босния және Герцеговина, ПанамаБелиз, Сальвадор, Гватемала, Қытай, Сингапур. 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: