04.09.2025
16:18
486
Қазақстандықтар жаппай Chevrolet сатып алып жатыр

Қазақстандықтар жаппай Chevrolet сатып алып жатыр

Шілде айында Қазақстанда жаңа көліктердің сатылымы 10,6%-ға өсіп, алғаш рет 20 мыңнан асты. Бұл туралы Finratings.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Chevrolet көш бастап келеді

«Қазақстанның Автокөлік Одағының» (ҚАО) деректеріне сүйенсек, шілде айы автонарық үшін рекордтық көрсеткішке жетті. Бір ай ішінде қазақстандықтар 20 165 жаңа көлік сатып алған. Бұл маусым айымен салыстырғанда 3,9%-ға көп. Ал жылдық өсім одан да айқын: қаңтар-шілде аралығында 125 034 көлік сатылып, былтырғы көрсеткіштен 23,4%-ға жоғары болды.

Нарықтағы басты сенсация – Chevrolet-нің серпіні. Бренд бір айда 4 048 көлік сатып, өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда сатылымын 70,4%-ға арттырды. Осылайша, ол көп уақыттан бері алғаш рет Hyundai-ды артта қалдырып, брендтер рейтингінде бірінші орынға шықты.

Ең көп сатылған модельдер

Модельдер арасында көшті әдеттегідей Chevrolet Cobalt бастады - 3 417. Одан кейін Hyundai Tucson (1 211 көлік) және Kia Sportage (955 көлік) орналасты. Төртінші орында Hyundai Elantra (695 дана), ал бесінші сатыда нарықтағы жаңа ойыншы Hyundai Mufasa (666 көлік) тұр.

Яғни бәсекелестік күшейгеніне қарамастан, қазақстандықтар қолжетімді әрі сенімді үлгілерді таңдауды жалғастыруда. Дегенмен жаңа кроссоверлердің шығуы сұраныс құрылымына біртіндеп өзгеріс енгізіп келеді.

Жеті айдың қорытындысы

Қаңтар-шілде аралығын қарасақ, Hyundai әлі де көш бастап тұр - 27 931 көлік сатылған (+23,7%). Алайда Chevrolet-нің өсім қарқыны әлдеқайда жоғары: 17 354 көлік, яғни +67,7%.

Үшінші орында Kia (13 489 көлік, +0,2%), бірақ қытайлық брендтердің серпіні ерекше назар аудартады. Jetour 8 563 көлік сатып (+73,7%), алғаш рет Chery-ді (8 453 көлік, +5,5%) басып озды. Ал үздік ондыққа Haval (6 830; +33,7%), Changan (5 909; +21,1%), Jac (5 838; –7,7%), Geely (5 772; +45,9%) және Toyota (5 502; +1,5%) кірді.