02.02.2026
11:06
951
Қазақстандықтар тағы бір танымал бағытқа визасыз бара алады

Қазақстандықтар тағы бір танымал бағытқа визасыз бара алады

Үндістан үкіметі Қазақстан азаматтарына туристік және медициналық визаларды тегін беру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, енді Үндістанға 30 күнге дейін баратын қазақстандықтарға визалық алым төлеудің қажеті жоқ. Қабылданған шешім бірден күшіне енді.

Бұл қадам екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ халықтар арасындағы туристік және гуманитарлық байланыстарды дамытуға бағытталған. Аталған шешімге сәйкес, Қазақстан азаматтарына 30 күнге дейінгі мерзімге туристік виза, медициналық виза және медициналық сүйемелдеу визасы тегін беріледі, – делінген министрлік мәліметінде.

Оқи отырыңыз:

Айта кетейік, бұл ретте Үндістан азаматтары Қазақстан аумағында 14 күнге дейін визасыз жүре алады.

Визаны қалай рәсімдеуге болады?

Үндістан визасын екі жолмен рәсімдеуге мүмкіндік бар:

– онлайн форматта e-Visa жүйесі арқылы;

– қағаз түрінде Үндістанның Астана мен Алматыдағы дипломатиялық өкілдіктерінде немесе шетелдегі елшіліктері арқылы.

Мамандар онлайн виза рәсімдеу кезінде сақ болуға шақырады. Себебі ресми сайтты имитациялайтын жалған платформалар көбейіп кеткен.

Шектеулер мен қауіпсіздік талаптары

Үндістанда шетелдіктер үшін арнайы рұқсатсыз баруға тыйым салынған аймақтар бар. Олардың қатарына Манипур, Нагаленд, Мизорам, Аруначал-Прадеш, Сикким, Уттар-Прадеш, Химачал-Прадеш, Раджастхан штаттарының кейбір шекаралық өңірлері, сондай-ақ Джамму мен Кашмир, Ладакх, Андаман және Никобар аралдары жатады. Бұл аумақтарға бару үшін Үндістанның Ішкі істер министрлігінен арнайы рұқсат қажет.

Сонымен қатар әскери нысандарға жақындамаған жөн.

Елдің бірқатар аймағында дрон қолдануға да тыйым салынған. Бұл ережені бұзу құрылғының тәркіленуіне және айыппұл салынуына әкелуі мүмкін.

Климат және денсаулыққа қатысты кеңестер

Үндістанға саяхаттауға ең қолайлы кезең – қарашадан наурызға дейінгі аралық. Бұл уақытта ауа райы салыстырмалы түрде салқын, оның үстіне әрі муссондық жауын-шашын болмайды. Ал сәуір мен маусым айларында, әсіресе елдің солтүстігінде ауа температурасы +45 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Маусымнан қыркүйекке дейін муссон маусымы басталады.

Жолға шығар алдында дәрігермен кеңескен дұрыс. Міндетті екпелер болмаса да, мамандар гепатит A және B, іш сүзегі мен сіреспеге қарсы вакцина салдыруды жөн көреді.

Әуежайлар мен құқықтық мәселелер

Үндістан әуежайларына тек алдағы төрт сағат ішінде ұшатын рейске жарамды авиабилеті бар жолаушылар немесе азаматтық авиация қауіпсіздігі бюросы берген арнайы рұқсаты бар адамдар ғана кіре алады. Жалған билетпен кіру әрекеті құжаттарды қолдан жасау ретінде бағаланып, қылмыстық жауапкершілікке әкелуі ықтимал.

Ал елдің сот жүйесінде істердің қаралуы тым ұзаққа созылады, кейбір процестер тіпті жылдар бойы жалғасуы мүмкін.

Үндістанға сапарыңыз көңілді әрі жайлы өтуі үшін жергілікті мәдениетке құрметпен қарап, денсаулық пен қауіпсіздік талаптарын сақтағаныңыз жөн.

Қазақстандықтар үшін визаны жеңілдететін өзге елдер

Айта кетейік, Қазақстан бүгінде Израильмен визасыз режимді енгізу жолдарын да талқылап жатыр. Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев израильдік әріптесі Гидеон Саармен Астанада өткен кездесуде туризмді дамыту мақсатында ұлттық паспорт иелерін визадан босату туралы меморандумға қол қойған.

Сонымен қатар Қазақстан Еуропалық одақпен де визалық режимді жеңілдету жөнінде келіссөздер жүргізіп келеді. СІМ мәліметінше, бұл бағыттағы рәсімдер басталып кеткен, ал келесі айда келіссөздердің екінші кезеңі өтеді.

Бұған дейін Қазақстанға қай елдерден туристер көп келгені туралы жазғанбыз. Сонымен қатар саяхаттауға ең тиімді қалаларға тоқталдық