Қазақстандықтар сенімхатты онлайн рәсімдей алады

11 Сәуір 2023, 16:45 645

Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Мен бір жолы шетелде кезекті іс-сапарда жүрген кезде бір мәселемен бетпе-бет келдім: баланы атасымен бірге басқа қалаға жіберу қажет еді, бірақ мен сенімхат рәсімдей алмадым. Мұндай жағдайлар көп адамға таныс деп ойлаймын, алайда енді қазақстандықтар сенімхатты онлайн-режимде рәсімдей алады. Бүгін Әділет министрі Азамат Несіпбайұлымен жаңа сервис – Цифрлық нотариаттың таныстырылымын өткіздік, ол eGovMobile ұялы қосымшасы арқылы нотариалды түрде куәландырылатын сенімхаттарды онлайн форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді. Оны шетелде жүрген азаматтар да пайдалана алады. Ол үшін қосымшаға кіріп, нотариусқа бейнеқоңырау шалу жеткілікті, - делінген министр жазбасында.

Мұндай сенімхат «Цифрлық құжаттар» сервисінде қолжетімді және оны талап ету орнына ұсынуға болады.

Бұл ретте, аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Үкіметтің «цифрлық» бастамалары аясында әзірленгенін атап өткім келеді.
Болашақта мұндай қызмет екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында да пайда болады.

EL.KZ
Бөлісу: