Қазақстандықтар қандай тегін скринингтерден өте алады?

Бүгiн, 14:20 179

Денсаулық - адам өміріндегі басты құндылық. Дені сау адам – бай адам. Сол себепті деннің саулығына ерекше мән беріп, немқұрайлы қарамаған жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сүйенсек, адам денсаулығының 50-55%-ы өмір сүру салтына тікелей байланысты. Сол себепті салуатты өмір сүруі салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға дағдыланып, медициналық тексерістерден уақытылы өтіп тұрудың маңызы зор. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі ерлер мен әйелдердің медициналық тексерулерден қаншалықты жиі өтіп тұратынын анықтауға тырысты.

Скринингтік зерттеулер – денсаулығына қатысты аса көп шағымы жоқ адамдар арасында жүргізілетін медициналық тексерулер. Мақсаты – әртүрлі ауруларды ерте кезеңде анықтау. ҚР заңнамасына (Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі) сәйкес, әрбір азамат осы тектес тексерулерден өтуге міндеттеледі.

Профилактикалық тексерулерді Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйелері арқылы іске асырылады. ТМККК мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын медициналық қызметтерді қамтыса, МӘМС медициналық сақтандыру қорының қаражатынан төленетін қызметтерден тұрады.

МӘМС аясында скринингтен өту үшін «сақтандырылған» мәртебе болуы қажет. Осыны ұмытпаған жөн!

Скринингті қай жаста өтеді?

Скринингтер белгілі бір ауруларды анықтап, алдын алуға бағытталады. Төмендегі жас топтары үшін өткізіледі:

18-30 жас аралығында өтетін чекап

18-30 жас аралығындағы азаматтарға ерте диагностика бағдарламалары қамтылмаса да, осы жас санатындағы жастар жыл сайын медициналық кабинетте тегін тексеруден өте алады.

Ер адамдар ректалды тексеруден өтсе, әйелдер гинекологиялық креслода тексеріледі. Сондай-ақ сүт бездеріне пальпация жасалады.

Дәрігерлер тері мен лимфа түйіндерін тексереді. Тексеру барысында қандай да бір патология анықталса, пациентті қосымша тексеру және ем алу үшін дәрігерге жібереді.

Мәселен, әйелдер 18 жастан бастап жыл сайын медициналық кабинетте онкоцитологияға тапсыра алады. Бұл талдау жатыр мойны обырын ерте кезеңдерінде анықтауға көмектеседі. Жатыр мойны обыры -  әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі.

Егер қандай да бір шағым немесе ауырсыну белгілері байқалса, дер кезінде қажетті ем-дом алу үшін дәрігер көмегіне жүгіну ұсынылады.

МӘМС қатысушыларына қолжетімді скринингтер қандай?

Скринингтік тексерулер Қазақстан азаматтарының белгілі бір жас топтарын қамтиды. Сондай-ақ келесі ауруларды ерте анықтап, алдын алуға бағытталады:

1.Қан айналымы жүйесінің аурулары және қант диабеті.

40-64 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер әр екі жылда бір рет артериялық гипертония, жүректің ишемиялық аурулары және қант диабетін анықтау мақсатында тексеруден өтеді. Бастысы бұл аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрмауы керек.

2.Глаукома.

40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер глаукомаға тексеруден өтеді. Тексеріс әр екі жылда бір рет өткізіледі.

3.Сүт безінің ісік алды және ісік аурулары.

40-70 жас аралығындағы әйелдер сүт безінің қатерлі ісігін ерте анықтау үшін скринингтен өте алады.

4.Жатыр мойнының ісік алды және ісік аурулары.

30-70 жас аралығындағы әйелдер әр төрт жылда бір рет жатыр мойнының ісік алды өзгерістері мен қатерлі ісігін анықтау мақсатында тексерілуі қажет.

5.Тоқ ішек пен тік ішектің ісік алды және ісік аурулары.

50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер әр екі жылда бір рет тоқ ішек пен тік ішектің ісік алды өзгерістері мен қатерлі ісігін анықтау үшін скринингтен өте алады.

6.Созылмалы В және С гепатиті.

Бұл тексерулер қан аурулары, қатерлі ісіктері бар, гемодиализде жатқан адамдарға, сондай-ақ анамнезінде ота жасалған немесе қан құйылған адамдарға жүргізіледі.

ТМККК шеңберінде қолжетімді скринингтер

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырусыз (МӘМС) келесі скринингтер кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) шеңберінде қолжетімді:

Скринингке қалай жазылуға болады?

Скринингтен өту үшін тұрғылықты мекенжай бойынша емханаға жүгіну жеткілікті. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметінде скринингке арналған арнайы кабинеттер бар. Өзіңізбен бірге жеке куәлік алып келуіңіз қажет.

Ескерту: Скринингтік тексеруден өту үшін жұмысшылар үш күнге дейін әлеуметтік демалыс ала алады.

Ерлер немесе әйелдер қарау кабинетіне жіберіледі. Содан кейін дәрігерге дейінгі кабинетте мақсатты топ анықталып, жас ерекшелігіне байланысты қажетті тексерулер тағайындалады. Егер тексеру кезінде патология анықталмаса, скрининг аяқталды деп есептеледі. Ал ауруға күдік туындаса, пациент қосымша тексеріске жіберіледі.

Скрининг қалай өткізіледі?

Скрининг сауалнамадан басталады. Мәселен, пациенттің өмір салты, зиянды әдеттері, физикалық белсенділігі және тұқым қуалаушылығы туралы сұрақтар қойылады. Кейіннен бойы, салмағы, қан қысымы, көз ішіндегі қысым, қан құрамындағы қант пен холестерин деңгейі өлшенеді.

Қажет болған жағдайда дәрігер қосымша тексерулерге немесе бейінді маманға жібереді. Алғашқы тексеру (мәселен, мінез-құлық факторларын, гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, диабетті және глаукоманы анықтау үшін) аяқталғаннан кейін, пациент жасына байланысты онкоскринингтен өтеді.

Атап айтсақ, 30-70 жас аралығындағы әйелдер онкоцитологияға тапсырады, 40-70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі қатерлі ісігін анықтау үшін маммографиядан өтеді. Ал 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер ішек қатерлі ісігін диагностикалау үшін нәжістің жасырын қан сынағын тексертеді.

Денсаулық – басты байлық. Оны сатып алу, лотереядан ұтып алу, сату немесе туған күнге сыйға тарту мүмкін емес. Өзімізге деген күтіміміз өмір бойғы физикалық және рухани жағдайымызды қалыптастырады.

Сол себепті салауатты өмір салтының негіздеріне бала кезден дағдыланған жөн. Біріншіден, күн тәртібін сақтау маңызды: физикалық және ақыл-ой еңбегін алмастырып, шамадан тыс жүктемелерден аулақ болу, ұйқы және сергектік уақытын бақылау. Екіншіден, дұрыс тамақтану қажет. Тамақ рационыңыз әртүрлі болуы тиіс. Оның құрамына ет, дәнді дақылдар, жеміс-жидектер, көкөністер, майлар мен майлы заттар кіруі керек. Үшіншіден, темекі шегу, алкоголь мен есірткіден бас тартқан жөн. Төртіншіден, спортпен айналысқан абзал. Ол - адамның өмірінде үлкен рөл атқарады. Жүзу, велосипед тебу, жүгіру, тіпті таңертеңгі қарапайым жаттығу денсаулыққа оң әсер етері сөзсіз.

Салауатты өмір сүру ережелерін сақтай отырып, жоспарларымызды сәтті жүзеге асырып, қиындықтар мен ауыр жүктемелерді, сондай-ақ стрессті еңсере аламыз.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: