2026 жылдың соңына дейін қазақстандықтар шетелде жүрген кезде сатып алуларды бірыңғай банкаралық QR-код арқылы төлей алатын болады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы Ұлттық төлем корпорациясының төлем жүйелерін дамыту департаментінің директоры Райымбек Шаймерденов хабарлады.
Оның айтуынша, Қазақстан Үндістан, Қытай, Қырғызстан және Біріккен Араб Әмірліктерімен QR төлем жүйесін біріктіру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.
2026 жылдың соңына дейін толыққанды трансшекаралық төлемдерді іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазақстандықтар бұл елдерде бірыңғай QR арқылы төлем жасай алады, ал сол елдердің туристері Қазақстанда дәл осы жүйені пайдалана алады, – деді Шаймерденов Алматыда өткен брифингте.
Сонымен қатар, Түркия және Таиландпен де алдын ала келісімдер бар. Бұл мемлекеттер жүйеге келесі жылы қосылуы мүмкін.
Қазақстанда банкаралық QR жүйесі қазірдің өзінде енгізіліп жатыр. Оған елдегі танымал алты банк қосылған.
Бұл бизнеске бірнеше терминал ұстаудың қажеті жоқ екенін білдіреді, ал пайдаланушылар кез келген банк қолданбасымен төлем жасай алады.
Пайдасы қандай?
ҰТК төрағасы Жанар Самаеваның айтуынша, Қазақстан Азия елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, бірыңғай QR төлемін кеңейтуді көздеп отыр:
Біздің мақсат – азаматтар үшін де, бизнес үшін де қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қалыптастыру. QR төлемдері картаның баламасына айналып келеді, – деді ол.