19.12.2025
13:02
928
Қазақстандықтар енді АҚШ грин-картасын ала алмайды. Бұған не себеп болды?

Қазақстандықтар енді АҚШ грин-картасын ала алмайды. Бұған не себеп болды?

АҚШ-та лотерея негізінде берілетін көші-қон визаларының (Green Card) DV-1 бағдарламасы уақытша тоқтатылмақ. Бұл шешім Браун университетінде болған атыс оқиғасынан кейін қабылданды. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің айтуынша, күдікті аталған елге дәл осы Diversity Immigrant Visa бағдарламасы аясында келген.

Лотереяны тоқтатуға не себеп болды?

Грин карта – АҚШ-та тұрақты тұруға және заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құжат. АҚШ президенті Дональд Трамптың тапсырмасымен Америка Құрама Штаттарының азаматтық және иммиграция қызметіне (USCIS) лотерея негізінде грин-карта беретін DV-1 бағдарламасын тоқтата тұру туралы нұсқау берілді. Бұл туралы АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм мәлімдеді.

Президент Дональд Трамптың бұйрығы бойынша мен USCIS қызметіне DV-1 бағдарламасын бірден тоқтатуды тапсырамын. Америкалықтарға зиян келтірген бұл қауіпті бағдарламадан одан әрі зардап шекпеуі үшін осындай шешім қабылданды, – деді министр.

Ноэмнің айтуынша, 13 желтоқсанда Браун университетінде болған атысқа күдікті – 48 жастағы физик әрі аспирант Клаудио Мануэл Невис Валенте – АҚШ-қа осы бағдарлама арқылы келген. Ол 2017 жылы DV-1 лотереясы аясында елге қоныс аударып, грин-карта алған.

Валенте атыстан кейін біраз уақыт бойы жасырынып жүріп, кейін өзін-өзі өлтірген. Инцидент нәтижесінде екі адам қаза тауып, тоғыз адам жараланды. Бұдан бөлек, АҚШ полициясы Валентенің MIT ядролық физика профессоры Нуно Лурейрудің өліміне де қатысы бар деп санайды. Профессор 15 желтоқсанда Бруклайндағы өз үйінде шабуыл салдарынан көз жұмған. Құзырлы органдар күдіктінің жеке басы мен қылмысқа бару себептері туралы толық ақпаратты әзірге жария еткен жоқ.

Трамптың жаңа да ескі талабы

Бағдарламаны тоқтату талпынысы алғаш рет жасалып отырған жоқ. Кристи Ноэмнің айтуынша, Дональд Трамп DV бағдарламасын жабу туралы бастаманы бұрын да көтерген. 2017 жылы Нью-Йорктағы терактіден кейін шабуыл жасаушының АҚШ-қа грин-карта лотереясы арқылы келгені анықталғанда, сол кезде де бағдарламаны тоқтату мәселесі қозғалған еді.

Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі шешім миграциялық тетіктерді қайта қарау және қауіпсіздік талаптарын күшейту қажеттілігінен туындаған.

Қазіргі таңда USCIS DV бағдарламасына қатысуды ресми түрде тоқтатты. Ал лотереяның түбегейлі жабылуы немесе өзгертілген форматта қайта іске қосылуы жайлы ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Қазақстан - көш басында

Green Card DV-2025 лотереясының қорытындысы Қазақстан азаматтарының АҚШ-та өмір сүруге деген қызығушылығы рекордтық деңгейге жеткенін көрсетті. 2025 жылғы нәтиже бойынша Қазақстаннан 2004 адам грин-карта ұтып алды. Бұл – Қазақстанды ТМД елдерінің ондығына енгізген маңызды көрсеткіш.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ:

  • Өзбекстан – 5564
  • Алжир – 5526
  • Ресей – 5519
  • Қырғызстан – 3095
  • Қазақстан – 2004

Осылайша Қазақстан DV лотереясында жыл өткен сайын нәтижесін жақсартып келеді.

Грин-карта иелерінің өсу динамикасы (Қазақстан):

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметтері елдегі қызығушылықтың қаншалықты артқанын айқын көрсетеді:

  • 2012 жылы - 434 қазақстандық ғана жеңімпаз болған
  • 2024 жылы - 1977 адам
  • 2025 жылы - 2004 адам

Осылайша, 13 жыл ішінде көрсеткіш төрт еседен астам өсті. Бұл - ел азаматтарының АҚШ-та білім алу, жұмыс істеу және жаңа өмір бастау мүмкіндіктеріне деген сенімі жыл сайын күшейіп келе жатқанын білдіреді.

Қазақстандық өтініш берушілер саны да айтарлықтай артқан:

  • 2013 жылы - 17,5 мыңнан астам адам өтініш жасады
  • 2021 жылы - 67,5 мыңнан астам өтініш тіркелді

Бұл сегіз жыл ішінде қатысушылар санының төрт есеге жуық өскенін көрсетеді.

Green Card талаптары қалай өзгерді

16 қыркүйектен бастап Diversity Visa Lottery бағдарламасына қатысу ақылы болды. АҚШ Мемлекеттік департаментінің жаңа қаулысына сәйкес, өтініш берушілер енді анкета тіркеуі үшін 1 доллар төлеуге міндеттелді. Бұған дейін лотереяға қатысу тегін еді.

Ведомство бұл өзгеріс лотереяны ұйымдастыру шығындарын қатысушылар арасында әділ бөлуге мүмкіндік бергенін хабарлады. Бұрын шығындарды тек жеңімпаздар көтеріп, консулдық төлем ретінде 330 доллар төлейтін. Сонымен қатар бір долларлық төлем алаяқтар атынан жасалатын жалған тіркеулер санын азайтуға бағытталғаны айтылды.

Жаңа талаптар үдерісті реттеп, АҚШ-та тұруға шынайы мүдделі қатысушылардың мүмкіндігін арттырғаны атап өтілді.

Статистика бойынша, жыл сайын DV Lottery бағдарламасына 20–25 миллионға дейін өтініш түсіп келген, алайда олардың небәрі 55 мыңы ғана жеңімпаз атанатын. Мемлекеттік департамент бұл - көп жылдан бері алғаш рет жасалған маңызды өзгеріс екенін мәлімдеді. Сондай-ақ 2012 жылы виза рәсімдеу құны 440 доллардан 330 долларға төмендетілгені еске салынды.

Green Card иесі мыналай құқықтарға ие болады:
- АҚШ-та еркін тұру және жұмыс істеу;
- әлеуметтік жеңілдіктер алу;
- болашақта азаматтыққа құжат тапсыру.

DV-2026 кезеңінің өтініш қабылдау мерзімі (2024 жылдың 2 қазаны – 7 қарашасы) аяқталды. Ал DV-2027 лотереясы 2025 жылдың қазан–қараша айларында өтеді деп күтілген, нақты датасы сол кезеңде жарияланбаған еді.

Сонымен қатар АҚШ билігі жуырда B1/B2 санатындағы неиммиграциялық визаларға қатысты талаптарды күшейткені хабарланды: оларды тек азаматтық немесе тұрақты тұру елі арқылы рәсімдеу міндеттелді. Дегенмен, пресс-атташе Кристофер Соренсеннің айтуынша, бұл өзгеріс Қазақстан азаматтарына әсер етпеген.

Айта кетейік, бұған дейін біз грин картаға өтінім беру тәртібі, жиі кездесетін қателіктер және соңғы өзгерістер туралы сарапшы Айдана Махамбетқызымен сұхбаттасып, ең маңызды сұрақтарға жауап алдық.