Қазақстандықтар ең жиі сатып алатын көлік түрі анықталды

17 Мамыр, 14:04 1471

2024 жылдың сәуірінде қазақстандықтар арасында ең танымал болған көлік түрлері анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Қазақстанның автокөлік одағының» мәліметінше, сәуір айында 13 342 жеңіл автокөлік және коммерциялық техника, 855 жүк көлігі мен автобус сатылған. Ал бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,2%-ға төмен. Жалпы жыл басталғалы 53 644 автомобиль сатылған, ал былтыр сауда нәтижесі 51 621 шамасында болды (+3,9%).

Қазақстандықтар жиі сатып алатын көліктердің көшін Hyundai, Kia, Chevrolet, Chery, Jac бастайды.

Hyundai (3 050; былтырғы сәуірмен салыстырғанда - 15,2%) төртінші ай қатарынан ең көп сатылатын үздік 10 көліктің топ басында тұр. Kia (1 763; -15,7%) да екінші сатыға жайғасса, үшінші орынды 1 477 машинасы өткен Chevrolet алды (-63,1%). Төртінші сатыға тұрақтаған Chery-дің 1 058 моделі иесін тапты (+49,4%). 1 030 автомобилі сатылған Jac бұл жолы бесінші орыннан көрінді (+160,8%), - делінген мәліметте.

Одан кейін тізімде Changan (864; +108,7%), Geely (728; +217,9%), Toyota (696; +11,9%), Jetour (637) және Haval (593; +39,5%) тұр.

Сәуір айында аса танымал модельдер үштігінде өзгеріс жоқ. Алғашқы орындарды Hyundai Tucson (2 010), Chevrolet Cobalt (1 322), Kia Sportage (887) өзара бөліскен. Төртінші сатыға алғаш рет Changan CS55 Plus (477) көтерілсе, бесінші орынды Chery Tiggo 7 Pro (414) алды. Одан бөлек тізімде Jac J7 (385), Chery Tiggo 2 (337), Haval M6 (314), Hyundai Elantra (287) және Jetour X70 (286) бар, - делінген.

Төрт ай нәтижесі бойынша танымал брендтер көшін әдеттегідей Hyundai (12 336; -5,3%) бастап келеді, ал екінші орынды еншілеген Kia дилерлері 6 638 көліктің кілтін тапсырған (-13,4%). Chevrolet үшінші сатыға қайта көтерілді (4 814; -66,4%). 4 499 автомобилі жолға шыққан Chery төртінші қатарға жайғасты (+66,1%). Үздік маркалар бестігін Changan (3 017; +170,8%) түйіндеді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: