Қазақстанда «депрессия» диагнозы қойылған адамға еңбекке уақытша жарамсыздық парағын (больничный) ашуға бола ма? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында айтты, деп жазады El.kz интернет порталы.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі «депрессия кезінде больничный рәсімдеуге болады» деген жазбаны көріп, соның рас-өтірігін білгісі келген.
Threads-та қызық жазба көрдім. Депрессия кезінде шынымен де «больничный» ашуға бола ма? – деген ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің жауабы
Министрліктің баспасөз қызметі бұл мәселеге қатысты былай деп түсініктеме берді.
«Депрессия» диагнозын тек психиатр-дәрігер қоя алады. Ал алғашқы белгілерді анықтаумен жалпы практика дәрігері немесе психолог айналысуы мүмкін, бірақ нақты диагноз қою, ем тағайындау және науқасты бақылау – психиатрдың құзыретінде, – делінген жауапта.
Депрессия кезінде еңбекке уақытша жарамсыз парағы ашыла ма?
Иә, ашылады. Бірақ белгілі шарттар бар.
Егер дәрігер науқастың жағдайы уақытша еңбекке жарамсыз деп тапса, жеңіл дәрежелі депрессия кезінде еңбекке жарамсыздық парағы ашылуы мүмкін, – деп түсіндірді министрлік.
Ал орташа немесе ауыр дәрежелі депрессия кезінде емдеу стационарда, яғни ауруханада жүргізіледі – бұл Денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген стандарттарына сай келеді.
Депрессия деген не?
Бұған дейін психиатр Нәби Есимов депрессия мен жай ғана көңіл күйдің түсіңкі болуын шатастырмау керектігін айтқан еді. Оның айтуынша, диагноз «депрессия» деп танылуы үшін үш негізгі белгі болуы қажет:
Көңіл күйдің нашарлауы екі аптадан кем болмауы керек;
Ойлау белсенділігінің төмендеуі – адамға зейін қою, есептеу немесе тіпті қарапайым істерді орындау қиынға соғады (мысалы, коммуналдық төлемдерді есептеу);
Қимыл белсенділігінің төмендеуі – жұмысқа баруға, айналасындағы дүниеге назар аударуға күш таппай, күні бойы төсекте жатуға бейім болады.
Яғни егер дәрігер психикалық жағдайды медициналық тұрғыда уақытша еңбекке жарамсыз деп таныса, депрессия кезінде еңбекке жарамсыз парағы рәсімделуі мүмкін.