Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы Олимпиада паркі аумағында орналасқан велотрек кешенінде өрт шықты.
Бұл нысан дәл осы күндері жасөспірімдер мен жастар арасындағы семсерлесуден әлем чемпионатының бір бөлігі өтіп жатқан негізгі ареналардың бірі ретінде пайдаланылып келген.
Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан спорт нысанының шатырының едәуір бөлігі отқа оранып, жанып кеткенін көруге болады. Аталған велотрек 2016 жылғы Жазғы Олимпиада ойындары кезінде салынған еді.
Жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, өрт таңғы сағат шамамен 4:17-де тіркелген. Оқиға орнына жедел түрде жеткен құтқарушылар шатырдың жартысына жуығы зақымданғанын анықтаған. Жалынды ауыздықтауға 80-ге жуық өрт сөндіруші мен 20 арнайы техника жұмылдырылған. Қала аспанын қою қара түтін басқаны да хабарланды.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт негізінен велотректің брезенттен жасалған шатыр бөлігін шарпыған. Рио-де-Жанейро өрт сөндіру қызметі нысанның ішкі құрылымдарына айтарлықтай зақым келмегенін мәлімдеді. Дегенмен өрттің нақты шығу себебі сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Acordamos com uma notícia triste: incêndio no Parque Olímpico do Rio de Janeiro, já controlado, sem feridos, mas com perdas que precisarão ser reconstruídas. O espaço é um marco do esporte, do turismo e patrimônio de toda a população do Rio de Janeiro. Parabéns aos bombeiros e a… pic.twitter.com/dKQ501THzI
— Tainá de Paula (@tainadepaularj) April 8, 2026
Айта кетерлігі, өрт жарыс өтіп жатқан күндердің арасында, түнгі уақытта болған. Сол себепті арена ішінде ешкім болмаған. Халықаралық семсерлесу федерациясы ресми мәлімдеме жасап, қатысушылардың барлығы аман екенін растады.
Қауіпсіздік – біздің басты басымдығымыз. Оқиға кезінде нысан бос болды, ешкім зардап шеккен жоқ, – делінген ұйым хабарламасында.
Сонымен қатар Бразилия семсерлесу конфедерациясы қалған жарыстардың басқа аренада өтетінін жеткізді. Атап айтқанда, чемпионаттың жалғасы «Кариока-1» кешеніне ауыстырылды.
Бұл әлем біріншілігіне Қазақстан құрамасы да қатысып жатыр. Қазақстан семсерлесу федерациясының мәліметінше, отандық спортшылар арасында зардап шеккендер жоқ. Бұған дейін турнир аясында қазақстандық спортшы Нұрмұхаммед Жайлыбай ел тарихында алғаш рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері атанған еді.
Қазір жарыс қалыпты режимде жалғасып жатыр. Ал өртке қатысты нақты себеп пен келтірілген шығын көлемі алдағы уақытта анықталмақ.