24.09.2025
16:14
598
Қазақстандықтар әскери бөлімді енді интернет арқылы таңдай алады

Қазақстандықтар әскери бөлімді енді интернет арқылы таңдай алады

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздар үшін тың жаңалық енгізілді. Енді әскерге баратын жастар өздері қызмет еткісі келетін әскери бөлімді таңдай алады. Бұл мүмкіндік Қорғаныс министрлігі іске қосқан MyArmy.kz бірыңғай цифрлық порталы арқылы қолжетімді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұған дейін мұндай рәсімдер тек жергілікті әскери басқармаларға барып қана жүзеге асатын болса, енді бәрін онлайн шешуге жол ашылды.

Портал арқылы азаматтар мына қызметтерді пайдалана алады:

  • мерзімді немесе келісімшарттық әскери қызметке өтініш беру;
  • жиі қойылатын сұрақтарға жауап табу;
  • соңғы жаңалықтармен және материалдармен танысу;
  • кері байланыс арқылы сұрақ жолдау.

Негізгі мақсат – әскерге шақыру рәсімін жеңілдетіп, бюрократияны азайту және комиссия жұмысының ашықтығын арттыру, - делінген мәліметте.

Өтініш беру тәртібі

MyArmy.kz порталы арқылы өтініш үш кезеңнен өтеді:

Жасалған – өтініш қабылданды, тексеру басталды.

Өңделуде – тексеру аяқталып, үміткер медициналық комиссияға шақырылады. Бұл жерде қажетті талдаулар мен анықтамалардың тізімі беріледі.

Қабылданды / Қабылданбады – медициналық тексеріс пен жеке қасиеттерді бағалау нәтижесінде шешім қабылданады.

SARBAZ+ жобасының аясында

MyArmy.kz – SARBAZ+ жобасының пилоттық нұсқасы. Қазіргі таңда ол Алматы облысындағы №78460 әскери бөлімінде сынақтан өтуде. Үміткерлерді іріктеу Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жүргізіліп жатыр.

Жоба сәтті іске асса, бастама еліміздің басқа да әскери бөлімдерінде қолданысқа енгізіледі.

Жаңа жүйенің артықшылықтары

Жаңа портал әскерге шақырылушыларға бірқатар қосымша мүмкіндік береді:

  • қызмет жағдайын жақсарту;
  • әлеуметтік және білім алу мүмкіндіктерін кеңейту;
  • әскери қызметте меңгерген дағдыларды кейін азаматтық салада қолдануға жол ашу.

Қорғаныс министрлігі бұл бастаманың мәнін былай түсіндірді:

Әскерге шақырылушылар енді өз қалауына қарай әскери бөлімді таңдай алады. Бұл олардың алдыңғы мамандығына, сондай-ақ болашақ кәсіби дамуына ыңғайластырылған шешім.