Қазақстандықтар алғаш рет Аналар күнін тойлап жатыр

12 Мамыр, 11:12 1367

Аналар күні – әлемнің көптеген елдерінде анаға құрмет көрсетіп, оның мейірімі мен қамқорлығы үшін алғыс айту мақсатында атап өтілетін маңызды мереке, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мереке мамыр айының екінші жексенбісінде әлемнің 20-дан астам елінде тойланады. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия бар. Ал бұлардан бөлек елдер бұл мерекені басқа күні атап өтеді. 2024 жылы бұл мереке Қазақстанда 12 мамырда алғаш рет атап өтілуде.

Аналарды қорғау – мемлекеттегі әлеуметтік саясаттың басым міндеттерінің бірі.

Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

Біздің отбасылық өмірімізде де, қоғамдық өмірімізде де ананың рөлі ерекше, ол балаларын тәрбиелеп, бағыт-бағдар береді. Ананың еңбегі әрдайым жоғары бағаланады.
Елді мекендерде балалар мен жастарды тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселесін шешу үшін, Қазақстандағы әйелдерін біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Аналар кеңесі» жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта Республикалық аналар кеңесінде елдің облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық деңгейлерінде 1713 бөлімше бар (оның ішінде 17 облыстық, 56 қалалық, 159 аудандық, 1481 ауылдық және этномәдени бірлестіктер жанында), олардың құрамына 16051 әйел кіреді.

6 мамыр мен 12 мамыр аралығында барлық өңірде 600-ден астам түрлі іс-шара өтті. Жалпы, Аналар күнін мерекелеу ананың қоғамдағы рөлін арттыруға, әр азаматтың ата-анасына құрмет көрсетіп, алғыс айта білуге тәрбиелеу, жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, отбасы институтын сақтауға және нығайтуға бағытталады.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: