Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлерде «халықаралық жүргізуші куәлігі» (ХЖК) туралы сұрақтар көбейіп кетті. Бұл ақпарат тасқынына Ішкі істер министрлігінің Алматы қалалық Полиция департаменті таратқан ресми мәлімдеме себеп болды. Баспасөз хабарламасында ведомство азаматтарды күмәнді компаниялар мен туристік агенттіктерге алданып қалмауға шақырып, халықаралық жүргізуші куәлігін беру – тек ішкі істер органдарының құзыретінде екенін ескерткен еді.
Алайда, осы мәлімдеме қоғамда жаңа сұрақ туындатты: Қазақстанда ХЖК беріле ме, жоқ па? Министрлік құжат беру тек өзінің өкілеттігі екенін айтады, бірақ сонымен бірге елімізде аталған куәліктің берілмейтіні туралы да хабарланды. Бір қарағанда, бір-біріне қайшыдай көрінетін осы ақпарат ел азаматтарының түсінігін одан әрі шатастырып жіберді.
Халықаралық куәлік дегеніміз не?
ХЖК – жүргізушінің шетелде көлік құралын басқару құқығын растайтын, ұлттық жүргізуші куәлігінің аудармасы іспетті құжат. Ол 1968 жылғы Вена конвенциясына қосылған елдердің басым бөлігінде қабылданады. Конвенцияға 180-нен аса мемлекет мүше.
Алматы қалалық Полиция департаментінің өкілдері түсіндіргендей, Қазақстанда жүргізуші куәліктерін, соның ішінде халықаралық түрін беру – «Ішкі істер органдары туралы» заңның 6-бабында көрсетілген мемлекеттік функция. Демек, бұл қызметті ешқандай жеке компания, агенттік немесе жарнама порталы атқара алмайды.
Дегенмен шешуші мәселе басқада – Қазақстанда халықаралық жүргізуші куәлігі бүгінде рәсімделмейді.
Бұл ақпарат министрліктің Gov.kz-тегі ресми ресурсында да ашық көрсетілген.
Туристік агенттіктер неге ХЖК «дайындап береді»?
Шетелге шығатын қазақстандықтардың арасында көлік жалдап мініп саяхаттайтындар аз емес. Осы мүмкіндікті біле тұра, кейбір туристік компаниялар клиент тарту мақсатында «біз сізге халықаралық жүргізуші куәлігін де рәсімдеп береміз» деп қызмет ұсына бастаған. Бұл – заңсыз.
ІІМ мұндай ұсыныстардың бәрі – алаяқтықтың белгісі екенін қатаң ескертеді. Өйткені заң бойынша ХЖК дайындауға ешбір жеке ұйымның құқығы жоқ. Мұндай құжаттардың шынайылығы күмәнді, қолданылса – азаматтың өзі жауапкершілікке тартылауы мүмкін.
Министрлік қазіргі таңда азаматтар тарапынан жалған куәлікке қатысты шағым түспегенін мәлімдеді. Бірақ қауіп толық сейілді деуге болмайды.
Халықаралық куәлік қандай жағдайда керек болуы мүмкін?
Елімізде ХЖК берілмегенімен, ол кейбір мемлекеттерде төмендегі жағдайларда талап етілуі мүмкін:
•шетелде автокөлікті жалға алу кезінде,
•жеке көлікпен шекара асқанда,
•жол-полиция бақылауында құжат көрсету талап етілгенде,
•шетелде автосақтандыру рәсімдеу барысында.
Алайда негізгі сұрақ: егер Қазақстан халықаралық жүргізуші куәлігін бермесе, азаматтар не істейді?
Біздің ұлттық куәлік жеткілікті ме?
ІІМ жолдаған ресми жауапта шешуші жайт нақты айтылды:
Қазақстанның ұлттық жүргізуші куәлігі – Вена конвенциясына мүше 180-нен астам елде жарамды.
Яғни қазақстандық жүргізушілер шетелде көлік басқару үшін міндетті түрде ХЖК алуы тиіс емес.
Ұлттық куәлікте деректердің латынша транскрипциясы бар болғандықтан, халықаралық талаптарға сай келеді. Демек, көптеген елдерде бұл құжат толыққанды қабылданады.
Ал конвенцияға кірмейтін мемлекеттерде көлік жүргізу ережесі өз ұлттық заңдары бойынша реттеледі. Мұндай жағдайда сол елдің талабы бойынша әрекет ету керек.
Күмәнді ұсыныстарға алданып қалмау үшін
ІІМ азаматтарды сақ болуға, «халықаралық жүргізуші куәлігін» ақылы түрде жасап береміз деген ұйымдарға сенбеуге шақырады. Егер қандай да бір туристік агенттік немесе сайт мұндай қызмет көрсетеміз десе – бұл туралы бірден тиісті органға хабарлаған жөн.
Себебі мұндай құжаттардың ешқандай заңды күші болмайды. Ал оларды пайдалану азаматтың өзіне де, өзгенің қауіпсіздігіне де қауіп төндіруі мүмкін.
Біздің тарапымыздан жіберілген сауалдарға Ішкі істер министрлігі төмендегі жайттарды нақтыланды:
•Қазақстанда халықаралық жүргізуші куәлігі рәсімделмейді;
•жүргізуші куәліктерін беру – ішкі істер органдарының айрықша қызметі;
•қазақстандық ұлттық жүргізуші куәлігі Вена конвенциясына мүше елдердің барлығында жарамды;
•туристік компаниялардың ХЖК дайындауға ешқандай құқығы жоқ;
•алаяқ фирмаларға алданып қалғандар туралы нақты шағымдар түспеген.
Қорытынды
Бас-аяғы айтқанда, Қазақстанда халықаралық жүргізуші куәлігі әзірге берілмейді. Бірақ бұл шетелге шыққан жүргізушілер үшін кедергі емес. Себебі біздің ұлттық куәлік әлем елдерінің басым бөлігінде жарамды әрі халықаралық формат талаптарына сәйкес келеді.
Егер туристік компания немесе жеке сервис «халықаралық жүргізуші куәлігін алып береміз» деп ұсыныс білдірсе – ондай ақпаратқа сене салмай, құқық қорғау органдарына жүгінген абзал.