Қазақстандық ЖОО ғалымдары генетика бойынша электронды оқу құралын әзірледі

25 Қыркүйек 2023, 23:33 546

Абай университетінің ғалымдары генетика бойынша электронды оқу құралын әзірледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

«Биология» білім беру бағдарламалары бойынша оқу-әдістемелік жабдықтармен қамтамасыз етуді жетілдіру және цифрлық ортада студенттердің білімін арттыру мақсатында Жаратылыстану және география институтының жас ғалымдары мен профессор-оқытушылар құрамы биология ғылымдарының докторы Докторхан Айдарбаеваның жетекшілігімен «Генетика» электронды оқу құралын әзірледі, - делінген мәліметте. 

Генетика – биология ғылымдарының жылдам дамып жатқан салаларының бірі, сондықтан ақпарат та ұдайы өзгеріске түсіп, жаңаруда.

Электрондық оқу құралының мақсаты – биолог студенттерге организмдердің тұқым қуалаушылық пен өзгергіштік заңдылықтарын, тұқым қуалаушылықтың цитологиялық негіздері туралы терең білім беру.

Электрондық оқу құралы мазмұнына кіріспе, дәріс тезистері, зертханалық жаттығулар, студенттердің өз бетімен орындайтын тапсырмалары, тест тапсырмалары, генетикадан әртүрлі тақырыптағы оқу фильмдері енгізілген.

Оқу құралының көмегімен студенттер қазіргі генетиканың әртүрлі тақырыптары бойынша білім алады.

Перизат Саденова
Бөлісу: