07.07.2025
16:41
2303
Қазақстандық жоба WSIS Prizes 2025 байқауының финалында жеңді

Қазақстандық жоба WSIS Prizes 2025 байқауының финалында жеңді

Женевада цифрлық технологиялар саласындағы әлемдегі ең беделді байқаулардың бірі – WSIS Prizes 2025 байқауының финалы өтті. Бұл жолы Қазақстандық «Ситуациялық-талдамалық кешен» (СТК) жобасы өз номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Төребаевтың  Facebook парақшасына сілтеме жасап.

Байқау барысында дауыс беруге әлем бойынша 2 миллионнан астам адам қатысқан, ал финалда қазақстандық жоба 4 бәсекелесін басып озды. Жеңіс сыйлығын Халықаралық электр байланысы одағының бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин табыстады. Салтанатты іс-шараға мүше мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

СТК дегеніміз – Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы әзірлеген платформа. Бұл жүйе еліміздің барлық өңірлері бойынша 500-ден астам көрсеткішті нақты уақытта бақылап, жоғары деңгейде стратегиялық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кешен Президент әкімшілігі мен Іс басқармасының жұмысында қолданылады.

Айта кетейік, WSIS Prizes байқауында Қазақстан соңғы рет 2013 жылы да жеңіске жеткен.

Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, бұл – елдің технологиялық даму деңгейінің халықаралық мойындалуы және цифрлық құралдардың мемлекеттік басқарудағы нақты нәтижелі құралға айналғанының дәлелі.

Ақпараттық қоғам жөніндегі дүниежүзілік саммит (WSIS) – бұл БҰҰ-ның қамқорлығымен өткізілетін көпжақты үдеріс. Ол адамға бағытталған, инклюзивті цифрлық қоғамдарды дамытуға және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

WSIS Prizes байқауы жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Халықаралық электр байланысы одағы (ITU) тарапынан ұйымдастырылады және АКТ-ны Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін пайдаланудың үздік әлемдік тәжірибелерін анықтап, ілгерілетуге бағытталған.

2025 жылы WSIS+20 іс-шарасының ұйымдастырушылары – Халықаралық электр байланысы одағы (ITU) мен Швейцария Конфедерациясы. Сонымен қатар, бірлескен ұйымдастырушылар ретінде ЮНЕСКО, БҰҰ Даму бағдарламасы (ПРООН) және БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясы (ЮНКТАД) қатысуда.