Қазақстандық жеңіл атлет Азия чемпионатында үздік атанды

19 Ақпан, 04:23 707

Тегеран қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі XI Азия чемпионатының екінші жарыс күні аяқталып, бұл сында қазақстандық Елизавета Матвеева Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық құрама қоржынына тағы 3 медаль түсті. Биіктікке секіруде Елизавета Матвеева 1.86 метрді бағындырып, чемпион атанып отыр. 

Былтырғы Астанадағы бәсекеде бас жүлдені Надежда Дубовицкая жеңіп алса, Елизавета 2-орыннан көрінген. Ал 60 метрге жүгіруде Ольга Сафронова (7.35 секунд) мәреге 2-болып жетті. Ол былтыр Астанада өткен Азия чемпионатында осы қашықтықта күміс жүлдегер атанған.

Сондай-ақ үш қарқып секіру сайысында Мария Ефремова (13.48 метр) қола жүлдеге ие болды.Қазір Қазақстан құрамасында 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль бар. Ал кеше, яғни жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы қоржынына 3 жүлде түскен болатын. 60 метрге кедергілермен жүгіруде Давид Ефремов 7,60 секунд уақыт көрсеткішімен чемпион атанды. Осылайша, Давид былтыр Астанда өткен сары құрлық чемпионатындағы атағын қорғап қалды.

Ядро лақтыру сайысында Иван Иванов 19,08 метр нәтижесімен күміс медаль иеленді. Ал 1500 метрге жүгіруде Аяна Болатбекқызы 4:37.20 уақытпен үздік үштікті түйіндеді. Биылғы құрлық додасына еліміздің атынан 29 атлет қатысып жатыр.

 

Баян Әжмұхан
Бөлісу: