Қазақстандық жастар Түрікменстандағы халықаралық форумға қатысты

18 Қараша 2023, 20:04 711

Түрікменстанда Орталық Азия және Қытай елдерінің «Ұлы Жібек жолының жаңа дәуірі» атты жастар форумы өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Іс-шарада Түрікменстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытайдың ғылым, білім және мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ, Орталық Азия мен Қытай елдерінің тұрақты даму бағдарламасының елшілері бас қосты.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Кадыров «Орталық Азия - Қытай» форматы шеңберінде жастар бастамаларын қолдауға ықпал ететін интерактивті алаң құрудың маңыздылығын атап өтті.

Бұл алаң 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы күн тәртібін іске асырудың негізгі тәсілдерін айқындау үшін және жастарды тарту мүмкіндігін талқылауға арналған бірегей мүмкіндік. Бұл форум дамыған және мықты қоғам қалыптастыруда үлкен маңызға ие. Жастарды жан-жақты қолдау - Қазақстанның мемлекеттік жастар саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады, - деді вице-министр.

Форум аясында қатысушылар «Өңірлік жастар Start-up қозғалысы: орнықты дамудың жаңа парадигмасы», «Энергетикалық қауіпсіздік: бірлескен жастар бастамалары арқылы болашаққа көзқарас», «Ұлы Жібек жолын трансформациялау: адами капитал білім экономикасының негізі ретінде», «Өңірдің тұрақты су балансын қамтамасыз етудегі жастар инновацияларының интеграциясы», «Ұлы Жібек жолының цифрлық рельстері: технологиялар мен инновациялар» және т.б. тақырыптарын талқылады.

Берік Арманов
Бөлісу: