11.11.2025
09:30
3990
Қазақстандық жас режиссер Амстердамда топ жарды

Қазақстандық жас режиссер Амстердамда топ жарды

Қызылордалық 25 жастағы режиссер әрі клипмейкер Бауыржан Саду қазіргі қазақстандық медиа саласының жаңа буынының жарқын өкіліне айналды. Амстердамда өткен Canon халықаралық байқауында 35 елден келген 100 қатысушы арасынан озып, кәсіби Canon C50 камерасын жеңіп алды.

Ол тек өз шығармашылығы үшін ғана емес, Қазақстанның медиа индустриясы үшін де маңызды жетістікке қол жеткізді.  Ел.kz интернет порталының тілшісі жас режиссердан сұхбат алып, шығармашылық жолы, алғашқы тәжірибелері және Амстердамтағы Canon халықаралық байқауындағы жеңісі туралы сұрап білді.

Режиссер Бауыржан Саду өз шығармашылық жолының бастауын қарапайым студенттік өмірмен байланыстырады. Ол режиссерлікке бірден келген жоқ. Түрлі саланы байқап, өз орнын іздеумен болды. Айтуынша, студент кезінде түрлі жұмыстарды істеп, тәжірибе жинауға тырысқан.

Бауыржан Садудың жеке парақшасынан алынды 

Студент кезімде өзімді іздеп жүрдім, әртүрлі іспен айналысып көрдім. Ол кезде ақша емес, тәжірибе маңызды болды. Бір күні бір кісі камерасын ұстатып, түсіріп көруді ұсынды. Сол сәттен бастап менің съемкаға деген қызығушылығым оянды, – дейді ол.

 Бауыржан алғашқы жұмысын ұмытпайды, бірақ бүгінде ол сәтті еске алғанда жымиып қана қояды.

Иә, алғашқы жұмысым есімде, бірақ оны ұмытқым келеді, – дейді ол күліп.

Қазір сол видеоны қарасам, сапасы мүлде көңіл көншітпейді. Бірақ сол кезде өзіме нағыз керемет дүние сияқты көрінген. Түсіріп болған соң ерекше бір қуаныш, өзіме деген сенім пайда болды. Сол сәт менің шығармашылыққа шын ғашық болған уақытым еді, – дейді жас режиссер.

Бауыржан шабытты күтпейді, оны өмірдің өзінен іздейді. Айтуынша, идея мен әсер күнделікті өмірде байқалған қарапайым сәттерден туындайды.

Шабыт деген нәрсе аяқ астынан келе қалады деп ойламаймын. Ол үнемі айналаңда бар. Тек соны сезе білу керек. Күн сайын көретін құбылыстардан, адамдардың эмоциясынан, тіпті қаланың қозғалысынан да шабыт табуға болады. Ең бастысы – дәл осы сәтте өмір сүре білу, – дейді режиссер.

Шоу-бизнес өкілдерімен де бірқатар сәтті жобаларды жүзеге асырған Бауыржан бүгінде танымал өнерпаздармен жұмыс істеген. Олардың қатарында Мирас Жүгінісов, Садраддин, Мәдина Сәдуақасова, Kalifarniya, Бақжан Октябрь, Кәмшат Жолдыбаева және басқа да отандық әртістер бар.

Амстердамнан жүлдемен оралды

14 қыркүйек күні Бауыржан Саду халықаралық Canon компаниясының шақыруымен Амстердамда өткен арнайы жабық іс-шараға қатысқан. Бұл жиынға әлемнің 35 елінен келген жүзге жуық үздік оператор мен контент-креатор жиналған. Сол жерде Canon ұйымдастырған байқау барысында құны 2 миллион 400 мың теңге тұратын Canon C50 кәсіби камерасы жүлде ретінде тігілген.

Бауыржан Садудың жеке парақшасынан алынды 

Canon бізге тек байқауға қатысу мүмкіндігін ғана емес, үлкен тәжірибе алаңын да ұсынды. Бізге Adobe және Nanlite компанияларының басшыларымен кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар IBC 2025 атты әлемдік ірі медиа форумына қатысу мүмкіндігі туды. Бұл мен үшін кәсіби тұрғыдан үлкен мектеп болды, – дейді режиссер.

Байқау нәтижесінде Бауыржан 35 елден келген 100 қатысушының арасынан бірінші орынды иеленіп, Canon C50 камерасын жеңіп алған.

Жеңіс оңай келген жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген кәсіби операторлар мен креаторлар арасындағы додада өз еліңді таныту – үлкен жауапкершілік. Сондықтан бұл жетістік тек менің ғана емес, бүкіл Қазақстанның медиа саласы үшін маңызды жеңіс деп білем, – дейді ол.

Бұл іс-шараның мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінен ең үздік креаторларды Амстердамда жинап, танысу, тәжірибе алмасу және ең басты байқауға қатысу еді.

Бауыржан Садудың жеке парақшасынан алынды 

Canon байқауындағы жеңісінен кейін Бауыржанның шығармашылығына шетелдік мамандар мен компаниялар да назар аудара бастаған.

Иә, байқаудан кейін ұсыныстар түсе бастады. Қазір мысалы, Сауд Арабиясындағы Voyah компаниясымен жарнамалық ролик түсіру жобасына шақырту алдым. Жақын күндері сол елге аттанғалы жатырмын, – дейді режиссер.

Оның айтуынша, бұл – халықаралық деңгейдегі алғашқы коммерциялық серіктестік емес, бірақ ең ірі жобалардың бірі болмақ.

Бауыржан Қазақстанда кәсіби режиссер ретінде жұмыс істеу барысында кездесетін қиындықтарға өз көзқарасын білдірді.

Қиындықтар кез келген салада болады деп ойлаймын. Ең бастысы оларды қиындық ретінде емес, жұмыстың табиғи бөлігі деп қабылдау керек. Әр сәттен тәжірибе жинап, сол арқылы дамып отыру маңызды, – дейді ол.

Документалдық жобамен айналыспақ

Бауыржан алдағы уақытта өзінің шығармашылық ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Келешекте шығармашылық әрі документалдық жобалармен айналысқым келеді. Қазіргі тәжірибемді осы бағытта дамытып, көрерменге мәні бар, терең идеяны жеткізетін жұмыстар жасауды мақсат етіп отырмын, – дейді режиссер.

Бауыржан халықаралық деңгейде жұмыс істеу жоспарын айқын түрде жасап қойғанын жеткізді.

Әрине, қадам-қадаммен жұмыс басталып жатыр. Қазір, мысалы, Сауд Арабиясындағы Voyah және Mhero автомобиль брендтерімен жобалар қолға алына бастады. Алдағы уақытта Еуропадағы компаниялармен де жұмыс жасау жоспары бар, – дейді.

Жас режиссер қазір өзіне клип түсіру жұмысы жақынырақ екенін айтады, бірақ болашақта кино саласына да қадам басуды жоспарлап отыр.

Бауыржан Садудың жеке парақшасынан алынды 

Әзірше клипке деген қызығушылық басым. Кино түсіру жоспарда бар, бірақ оған іштей дайын болу қажет деп есептеймін. Киноны түсіргенде өзімнің ішімнен, шын көңілден шыққан дүние жасағым келеді. Ол үшін алдымен мықты сценарий мен идея керек, – дейді режиссер.

Бауыржан өз шығармашылығында көрерменмен тікелей байланыс орнатуды басты мақсат етеді.

Мен видеом арқылы көрерменмен сөйлескім келеді. Егер олар менің видеоларымды көріп, ойымды, сезімімді сезсе демек, менің мақсатым орындалды, – дейді ол.

Сондай-ақ ол Қазақстандағы музыкалық клиптердің қазіргі жағдайына өз көзқарасын білдірді.

Қазір Қазақстанда клиптердің әр бағыты дамып жатыр, кейбір бағыттар дамып, кейін уақытша өшіп, қайта оралған сәттер де болды. Жалпы, барлық стильдер өз ізін қалдыруда. Шетелдік әріптестерімнен жиі еститінім «қазақтар тың дүние жасап жатырсыздар» деп оң бағасын білдіріп жатады. Бұл біз үшін үлкен мотивация», – дейді режиссер.

Әлемдік аудиторияға Қазақстанды паш етпек

Бауыржан әлемдік аудиторияға Қазақстанды таныстыруға ерекше мән береді.

Әлемдік аудиторияға Қазақстанда көптеген талантты адамдар бар екенін көрсеткім келеді. Сондай-ақ, біздің елдің өте қонақжайлы, мейірімді және зейінді адамдарға толы екенін де жеткізгім келеді. Сол арқылы шетелден келген адамдар елімізге келіп, оны жан-жақты көрсе екен деп ойлаймын, – дейді режиссер әрі клипмейкер.

Әлемдік аудиторияға Қазақстанды таныстырудағы мақсаты да айқын. Ол елімізде талантты адамдар көп екенін, қазақ халқының қонақжайлы, мейірімді және зейінді екенін көрсетуге тырысады. Бауыржанның айтуынша, бұл шетелдік көрерменнің елімізге қызығушылығын арттырып, оны жан-жақты танып білуіне мүмкіндік береді.

Бауыржан Садудың жеке парақшасынан алынды 

Бауыржан Садудың жетістігі – бұл тек жеке жеңіс емес. Ол Қазақстанның медиа саласының халықаралық деңгейде танылуына, жаңа буын режиссерлер мен креаторларға мотивация беруіне үлес қосуда. Оның тәжірибесі көрсеткендей, шығармашылық жолда бастысы әр тәжірибеден сабақ алу, қиындықтарды жұмыс процесінің бір бөлігі деп қабылдау, және әрқашан өз стилі мен ойымен көрерменге әсер етуге ұмтылу.

Соңғы жылдары Қазақстандағы медиа индустриясы қарқынды даму үстінде. Елдегі телевизиялық, радио, баспасөз және онлайн медиа салалары жаңа белестерге көтеріліп, заманауи технологияларды белсенді қолдануда. Бұл үрдіс әсіресе жастардың шығармашылық энергиясының арқасында жүзеге асуда.

Жас режиссерлер мен клипмейкерлер жаңа идеяларды іске асыру арқылы индустрияға серпін беріп отыр. Олар әлеуметтік желілер, YouTube, TikTok сияқты платформаларды тиімді пайдаланып, өз жобаларын тек Қазақстанда емес, халықаралық аудиторияға да танытуға мүмкіндік алады. Мұндай тәжірибе арқылы жастар жаңа трендтерді байқап, халықаралық деңгейде танымал болу жолында тәжірибе жинайды.

Қазақстандық медиа индустриясының дамуына халықаралық тәжірибе де үлкен әсер етеді. Жастар шетелдік фестивальдар мен байқауларға қатысып, әлемдік стандарттарға сай жобалар жасауға үйренеді. Бұл тәжірибе кәсіби деңгейді арттыруға, сапалы контент өндірісін дамытуға және елдің медиа нарығын халықаралық аренамен бәсекелестікке дайындауға жол ашады.

Сонымен қатар, заманауи технологияларды қолдану Қазақстандық медиа саласын жаңа деңгейге көтеруде. Кәсіби камералар, монтаж және визуалды эффектілер құралдары, VR және AR технологиялары арқылы жас режиссерлер мен креаторлар бұрын мүмкін емес болып көрінген идеяларды жүзеге асыра алады. Бұл тек шығармашылық әлеуетті арттырып қана қоймай, көрерменге сапалы, инновациялық контент ұсынуға мүмкіндік береді.

Жас режиссерлер коммерциялық жобалар арқылы тәжірибе жинай алады: музыкалық клип, жарнамалық ролик, әлеуметтік кампания видеолары. Сауд Арабиясы, Еуропа, Түркия сияқты елдердегі брендтермен жұмыс істеу – шетелдік нарыққа шығудың жолы.

Бауыржан Садудың жеке парақшасынан алынды 

Бұл тәжірибе кәсіби деңгейді арттырып, портфолионы халықаралық аудиторияға көрсетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде Қазақстандық медиа индустриясы – бұл жастардың жаңа идеялары, халықаралық тәжірибе және заманауи технологиялар арқасында әлемдік деңгейге шығу жолындағы қарқынды дамып келе жатқан сала. Бауыржан Саду сияқты жас режиссерлердің жетістігі осы үрдістің нақты көрінісі болып отыр, олар елдің медиа нарығына жаңа серпін беріп, Қазақстанның мәдениетін әлемдік аудиторияға таныстыруға ат салысып ж атыр.

Бауыржан сияқты жас режиссерлер мен клипмейкерлер үшін бүгінгі Қазақстан мен халықаралық нарықта ашық мүмкіндіктер өте көп. Халықаралық байқаулар, онлайн платформалар, коллаборациялар, қаржылық және техникалық қолдау бәрі талантты жастарға өздерін көрсетуге, тәжірибе жинауға және шығармашылық деңгейін әлемдік деңгейге көтеруге жол ашады.