Қазақстандық велоспортшы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

29 Тамыз, 20:39 343

Астана халықаралық әуежайында жуырда Қытайда велоспорттан өткен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған Данияр Шаяхметовты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жүлде – еліміз үшін тарихи жеңіс. Өйткені Данияр – әлемдік деңгейде кейрин бағытында жоғары нәтиже көрсеткен алғашқы қазақстандық велошабандоз.

2024 жылдың 22 тамызы біздің спорт тарихымызда мәңгі сақталып қалары анық. Бұл күні Данияр Шаяхметов төрт жыл уақыт бойы төккен тері мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл жеңіс тек спортшы үшін ғана емес, барша Қазақстанның маңызды жетістігі.

Мәре сызығын кесіп өткен кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бойымды еліме, командама деген мақтаныш сезімі кернеді. Жеңістің дәмін сезгенде төрт маусымда жұмсалған күш-жігердің босқа кетпегенін түсіндім, - дейді Данияр.

Күмістен алқа тағыну жолы оңайлықпен келген жоқ. Данияр көптеген қиындықтарға тап болғаны жасырын емес. Алайда, өзіне деген сенімділігі мен командасының қолдауы кездескен кедергілерді жеңуге көмектесті.

Мақсатыма жету жолында күшім таусылғандай көрінді. Осы кезде өзімді қолға алып, оңай берілуге болмайтынын ұғындым, ең бастысы командамның қолдауы қанат бітіргендей болды, - деп қосты Данияр.

Әлем чемпионатына дайындық «Астана» олимпиадалық даярлау орталығының жаттықтырушысы мен командасының бақылауында болып, өте тиянақты өтті. Үлкен жауапкершілік сезілгендіктен, әр жаттығу мұқият, егжей-тегжейлі ойластырылды.

Біз үлкен жұмыс атқардық және бұл өз нәтижесін берді, — деді Данияр.

Жетістікке жету үшін физикалық дайындықтан бөлек, психологиялық тұрғыдан да біраз жұмыс жасалды. Енді Даниярдың болашаққа үлкен жоспарлары бар.

Мен өз нәтижелерімді жақсартып, келесі маусымға дайындалғым келеді. Менің мақсатым-келесі чемпионаттар мен болашақ Олимпиада ойындарындағы алтын медаль, - деді ол өзінің амбициясымен бөлісті.

Данияр мұнымен тоқтап қалмақ емес. Болашаққа құрған жоспарлары ауқымды.

Мен спорттық біліктілігімді шыңдап, келесі маусымға дайындалмақшымын. Басты мақсатым – келесі чемпионаттар мен Олимпиада ойындарында алтын медаль иелену, - деп жоспарымен бөлісті.

Даниярдың жаттықтырушысы – Павел Воржев. Өзі жақында ғана велошабандоз ретінде мансабын аяқтап, жаттықтырушылық қызметке ауысты.

Данияр жүлделі атанғанда жаңа қызметімді дұрыс таңдағаныма көзім жетті. Бұл жеңіс мені жаңа белестерге жетелейтін бағыт деп айтсам болады, - дейді Павел.

Павел Воржев бұл жеңіске жету жолы ұзақ әрі қиын болғанын атап өтті.

Әлем чемпионатына біздің орталықтан тағы алты спортшы қатысты және олардың барлығы жақсы нәтиже көрсетті. Дайындық барысында спортшылар қатаң іріктеуден өтті, талмай жаттығып, еңбектенді. Осы кезде Данияр өзін көрсете білді. Бұл жеңіс қазақстандық велоспорт әлемдік деңгейде ұлы жетістіктерге жете алатындығын білдіреді, - деді жаттықтырушы.

Павел Воржев өз сөзін қорытындылай келе, жас спортшыларға үндеу жасады:

Армандаудан қорықпаңыздар, әрқашан мақсатқа жету жолында тынбай еңбектену керек. Бұл жол ауыр әрі ұзақ болса да, шегінбеңіздер. Өзіңізге сенім сізді биік шыңдарға жетелейтінін ұмытпаңыздар.

Данияр Шаяхметовтың тарихи жеңісі Қазақстанның барлық спортшылары үшін үлгі болары сөзсіз. Бұл жетістік арманға жетер жолда өзіңе сеніп, тынбай тер төгу қажеттігін растайды.

Перизат Саденова
Бөлісу: