Қазақстандық ұнды өткізетін нарық азайды - министр

16 Маусым 2023, 11:25 622

Сенатта өтіп жатқан үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде агроөнеркәсіптік кешендегі экспорт әлеуетін арттыру және импорт алмастыру мәселелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министр тамақ өнімдерін өндіру жалпы көлемде саланың үлесі 21%-ды құрайтынын атап өтті. Ұн, жарма, макарон шығаратын және астықты тереңдете өңдейтін 350 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

3,3 миллион тонна көлемде өндірілген ұн еліміздің ішкі қажеттілігін (1,4 миллион тонна) артығымен қамтамасыз етеді және экспорттық жеткізілім бойынша (1,9 миллион тонна) әлемде көшбасшы орынға ие. Отандық ұн өндірісімен қамтамасыз ету деңгейі - 237%, макарон өнімдері бойынша - 122%, жарма - 102% құрайды, - дейді министр.

Дәстүрлі импорттаушылардың протекционистік қолдау шараларын қолдану арқылы өз елдерінде қайта өңдеуді дамытуына байланысты (Өзбекстанның әкелінетін астыққа (0%) және ұнға (10%) баждардың сараланған мөлшерлемелерін енгізуі) қазақстандық ұнды өткізу нарықтары азайып жатқанын тілге тиек етті.

Осыған байланысты Министрлік өнімді өткізуге нарықты кеңейтуге шаралар қабылдауда. Мәселен, жақында Ел басының Қытайға сапары шеңберінде Қытайға астықтың өңделген өнімдерінің экспортын ұлғайту және жеткізушілер тізіліміне жаңа компанияларды қосу бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз, - деп түсіндірді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ жаңа өндірістерді ашуға бизнесті ынталандыру үшін астық дақылдарын тереңдетіп өңдейтін кәсіпорындар салуға және жаңғыртуға 25%-ға дейін инвестициялық субсидиялау, кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, «қарапайым экономика» шеңберінде негізгі және айналым қаражаттарына жеңілдетілген кредиттер бөлу, қосылған құн салығын 70%-ға дейін төмендету сияқты салықтық жеңілдіктер түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қабылдануда, сондай-ақ экспортау кезінде 30%-ға дейінгі көлік шығындары қайтарылады.  

Биыл жалпы қуаттылығы 58 мың тонна болатын жарма мен макарон өнімдері және 21 мың тонналық   крахмал өнімдерін өндіретін 11 инвестициялық жобаны іске асыру басталды

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: