Қазақстандық төреші, ФИФА ассистенті Наргис Мағау 17 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Еуропа чемпионатының финалдық матчында төрелік етуге шақырту алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, турнир Эстония астанасы Таллинде өтіп жатыр. Финалдық кездесуде Франция мен Испания құрамалары бақ сынасады. Матч 26 мамыр күні Астана уақытымен 22:00-де өтеді. Бас төреші болып Финляндиядан келген Минка Веккели бекітілді. Оған алматылық Наргис Мағау мен Португалия төрешісі Ана Силва көмектеседі.
Қосалқы төреші ретінде Албанияның Эммануля Руста атты төрешісі таңдалған. Бұған дейін Наргис Мағау бас төрешінің көмекшісі ретінде топтық кезеңнің үш ойынында және жартылай финал бәсекесінде (Испания – Англия) жұмыс атқарған.