Қазақстандық теннисші Грузияда чемпион атанды

7 Маусым 2023, 01:30 759

Қазақстандық Әмір Омарханов Грузия астанасы Тбилисиде 18 жасқа дейінгілер арасында өткен ITF Juniors J60 турнирінің абсолютті чемпионы атанды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан теннис федерациясы таратқан мәліметке сәйкес, Қарағанды теннис мектебінің түлегі, қазіргі кезде Чехияда жаттығып жүрген 15 жасар Әмір Омарханов жекелей және жұптық сында топ жарды.

Әмір жекелей сында әзербайжандық Канан Гасимовты 6:1, 6:3 есебімен ұтты. Қазақстандық теннисші финалға дейін де қарсыластарына бірде-бір сетті берген жоқ.

Ә. Омарханов жұптық бәсекеде болгариялық Иван Найденовпен бірге қазақстандықтар Ілияс Маратұлы – Виталий Зацепинді жеңді – 6:3, 6:4.

Осылайша, Әмір Омарханов ITF Juniors додасында бесінші титулына қол жеткізді.  

Тбилисидегі табысы нәтижесінде қазақстандық спортшы жасөспірімдер әлемдік рейтингісінде 298-орынға көтерілді.

Берік Арманов
Бөлісу: