Қазақстандық теннисші АҚШ-тағы турнирде топ жарды

26 Ақпан, 13:05 821

Дмитрий Попко Наплес (АҚШ) ITF турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, отандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 649-орында тұрған эквадорлық Андрес Андрадемен чемпиондық атақ үшін сынға түсті.

Попко жуырда Палм-Коуст қаласындағы дәл осындай жарыстың финалында А.Андрадені (7:5, 1:6, 7:5) ұтқан еді.

Бұл жолы эквадорлық спортшы матчты жақсы бастады – 6:3.

Андраде екінші сетте де 5:1 есебімен алға кетіп, матчқа доп берді. Бұдан кейін Дмитрий қатарынан бес геймді алды. Содан кейін тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші партияда Попко 2:0, 3:1 есебімен алға кеткенімен, басымдығын сақтай алмады – 3:3. Тағы бір брейк жасап, есепті 5:3-ке жеткізіп, матчқа доп бергенімен, сол мүмкіндігін пайдаланбады. Дегенмен ойынды брейкпен тәмамдай алды – 6:4.

Тартысты өткен финалдық бәсеке үш сағатқа жуық уақытқа созылды.

Осылайша, Дмитрий Попко АҚШ-тың Флорида штатында қатарынан үш жарыстың чемпионы болды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: