Қазақстандық суретшілердің «Періште ізі» атты бірікен көрмесі ашылды

7 Сәуір 2023, 19:06 4719

Алматы қаласында ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, кескіндемеші Жұмақын Қайрамбаев пен оның шәкірттерінің «Періште ізі» атты біріккен көрмесі ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ашылған «Періште ізі» көрмесі – бұл IZDER шығармашылық тобының тарихи-көркемдік маңызға ие ауқымды 4-жобасы. Аталған көрме Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, суретші-кескіндемеші Жұмақын Қайрамбаевтың 70 жас мерейтойына арналып отыр. Қазақстан бейнелеу өнеріндегі көрнекті тұлға, айтулы ұстаз, оның есімі бүгінгі таңда баршаға танымал. Ол қырық жылдан астам уақыт бойы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарып келеді.

Бұл көрменің басты ерекшелігі – Қазақстан бейнелеу өнері тарихында алғаш рет жылқы жануарына арнайы көрме арналып, терең қамтылуы. Қазақ халқы «ат - адамның қанаты» деген, ғасырлар бойы жылқы адамның ең жақын серігі, тұлпары, оның өмірінің ажырамас бөлігі болды. Ақындар оған өлең арнаса, суретшілер оның бейнесін түрлі ракурста бейнелеуге тырысты.

Атақты қылқалам шебері Жұмақын Қайрамбаев көрме жайында айта келе, «Қазақ халқына, көшпенділерге ең жақын жануар ат болғандықтан, біз әдейі көрменің атауын атпен байланыстырып, «Періште ізі» деп атадық. Бұл атаудың маңызы терең мәнге ие. Бұл сөзбен ата-бабаларымыз тұлпар тұяғының ізі қалған бір уыс топырақты атаған.

Шәкірттерімнің үлкені жақында зейнетке шықты, ал кішісі 30-да. Сондықтан да мен ойлаймын, біздің IZDER шығармашылық тобының ізі қазақ бейнелеу өнерінде сайрап жатыр деп. Мен өз басым ризамын, 70-ке келгенде осындай кең көлемді көрме ұйымдастырылғанына» - деп, өз шәкірттеріне деген шын көңілмен тебіренісін білдірді.

Көркем туындылардың барлығы көрмеге арнайы жазылып, реализмнен бастап, түрлі абстрактілі, көп сұрақты туындататын заманауи бағыттарды да қамтыған. Қазіргі заманға сай ой тастайтын, ойшыл, терең мағыналы жұмыстарды да көруге болады.

«Бұл көрмеге жалпы 55 жұмыс қойылған. Оның ішінде 5 мүсін, 1 принттік жұмыс, қалғаны кескіндемелік туындылар. Жұмақын ағаның 20 шәкірті қатысып отыр. Яғни IZDER тобының алғашқы және соңғы буынының кескіндемелік туындылары бір кеңістікте ұсынылып отыр. Атап айтсақ, шәкірттері: Досбол Қасымов, Мейіржан Нұрғожин, Азат Табиев, Талғат Тілеужанов, Сәуле Дүсенбина, Бейбіт Әсемқұл, Нұрбол Нұрахмет, Алмас Нұрғожаев, Бақыт Сейсенханұлы, Алмас Орақбай, Қабөке Оралбек, Әлішер Жүргенов, Дулат Үсенбаев, Аққали Зaкир, Мөлдір Сағындықова, Мадина Нарбаева, Дарья Қайрамбаева, Ұлан Даубай, Данияр Сарбасов бар», - дейді көрме жетекшісі Самал Мамытова.

Сонымен қатар қонақ ретінде қатысқан суретшілер Қазақбай Әжібекұлы, Бақытнұр Бүрдесбеков, Әли Бақтыгереев, Серік Таинов, Ералы Оспанұлы, Нуршидин Баратов, Нұрлан Қилыбаев, Caид Атабековтің де шығармалары қойылған.

Жұмақын Қайрамбаев бірегей суретші, оның туындылары осы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде, Италияның, Австрияның, Бельгияның, Ресейдің, Германияның, сонымен қатар АҚШ-тың, Жапонияның, Түркияның музейлері мен галереяларында, жеке өнер туындыларын жинақтаушылардың қорларында сақтаулы. Аса жоғары маңызға ие жеті туындысы Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясына қойылған. Сондай-ақ, «Қазақ өнерінің 100 жауһары» атты жинақ-альбомға енген.

Бауыржан Байділдә, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің деканы:

«Бұл Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясынан шыққан ұстаздың шәкірттерімен бірге қойып отырған көрмесі. Кезінде толқын-толқын қазақтың бейнелеу өнеріндегі Қ.Телжанов сияқты аталарымыз болды ғой. Сол мектепті жалғастыра отырып, өзінің мектебін ашқан Жұмақын Қайрамбаев мектебінің нәтижесін біз бүгін осы жерден көріп отырмыз. Мен ылғи «қаймақтың ішінде де қаймағы бар ғой» деп айтамын, осы көрмеге бейнелеу өнерінің қаймағы жиналған үлкен мағыналы көрмені көруге болады».

Бүгінгі таңда мэтрдің 150-ден астам шәкірті бар. Оның шеберханасынан шыққан әрбір суретші өнерде өз жолын тапқан, қазақ өнерін елімізде ғана емес, сонымен қатар әлемдік көрме алаңдарында танытып жүрген шеберлер.

Жұмақын Қайрамбаев ортақ алма-матер мен ортақ шеберханаға біріккен, шығармашылық диалогқа дайын, сонымен бірге өзінің шығармашылық идеяларына адал талантты суретшілер тобын тәрбиеледі. Бұл қалыптасқан көркемсурет мектебі мен дәстүрі туралы айтуға және шебер мен оның ізбасарларының шығармашылық ізденістерінің нәтижелерін ұсынуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Жұмақын Қайрамбаев «Ерен еңбегі үшін» медалінің, ҚР Суретшілер Одағының «Үздік шығармашылығы үшін» медалінің, «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» құрметті төсбелгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,  ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Тарихы 2003 жылдан басталатын IZDER-дің алғашқы көрмесі де осы өнер музейінде өткен болатын. Араға жиырма жыл салып төртінші көрмесі де осында ұйымдастырылып отыр. Өнерсүйер қауым көрмені мамыр айының 4-не дейін тамашалай алады.

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: