Қазақстандық студент-спортшылар Турин универсиадасына аттанды

Бүгiн, 16:34 136

Турин қаласында (Италия) өтетін XXXII Дүниежүзілік қысқы универсиадаға қатысу үшін қазақстандық студент-спортшылардың бірінші тобы Астанадан аттанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Универсиада қатысушыларын шығарып салу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі «ҰҒПДТО» РМҚК бас директоры Арман Ташметов және БАҚ өкілдері қатысты.

2025 жылғы 8 қаңтардан 9 қаңтарға қараған түні Туринге бірінші болып хоккей жарысы бойынша Қазақстан құрамасының өкілдері ұшты. Олардың ішінде қысқы универсиаданың ашылу салтанатында мемлекеттік туды алып шығатын хоккейші Абылайхан Сүлейменов те бар. Сондай-ақ 9 қаңтардан 10 қаңтарға қараған түні шаңғы жарысы бойынша 16 адам, парашаңғы жарысы бойынша 5 адам Қазақстан құрамасының атынан жол жүрді.

ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі еліміздің намысын қорғайтын спортшыларға қолдау білдіріп, сәт сапар тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы универсиадаға әлемнің 57 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысады. Жарыс бағдарламасы 11 спорт түрінен тұрады, онда 90 медаль жиынтығы ойнатылады.

Қазақстан құрамасы 10 жарыс түрі бойынша медальдар үшін күресетін 103 спортшыдан тұрады: биатлон, шаңғы жарысы, қысқы спорттық бағдарлау, фристайл, мәнерлеп сырғанау, хоккей (ерлер мен әйелдер), парашаңғы жарысы, тау шаңғы спорты және шорт-трек.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: