Қазақстандық спортшылардың бір аптадағы жеңісі мен жетістігі

19 Ақпан, 09:23 811

Туризм және спорт министрлігі спортшылардың бір аптадағы жеңісіне шолу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Пара дзюдо: Германияның Гейдельберг қаласындағы пара дзюдодан Grand Prix турнирінде ұлттық құрама спортшылары екі жүлде еншіледі. J2 санаты бойынша 48 кг салмақта қарсылас шақ келтірмеген Ақмарал Науатбек жеңімпаз атанса, Ерғали Шамей J1 санаты бойынша 73 кг салмақта қола жүлдеге ие болды.

Жеңіл атлетика: Иран астанасы Тегеранда өтіп жатқан жабық кешендегі XI Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Отандастарымыздан 60 метрге кедергілермен жүгіруде Давид Ефремов пен биіктікке секіруде Елизавета Матвеева топ жарса, 60 метрге жүгіруде Ольга Сафронова және ядро лақтыру сайысында Иван Иванов күміс жүлдегер атанды. Ал үш қарқып секіру сайысында Мария Ефремова мен 1500 метрге жүгіруде Аяна Болатбекқызы қола жүлде олжалады.

Велоспорт: Түркияның Анталья қаласында өткен маунтинбайктан Kuzilalan Cup (Қызылалан кубогі) жарысында жерлестеріміз үздіктер қатарынан көрінді. Кросс-кантри бағдарламасында Алина Саркулова тағы топ жарып, 2-алтын медалін мойнына тақты. Ол бір күн бұрынғы әйелдер арасындағы жарыста да жеңіске жеткен еді. Сонымен қатар Ұлттық құрама спортшысы Татьяна Генелева бір күміс, бір қола медаль иеленді. Ерлер сайысында Денис Сергиенко күміс жүлдегер атанды.

Желкенді қайық: Қатар астанасы Дохада ұйымдастырылған желкенді қайық спортынан халықаралық регатада Қазақстан құрамасы 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. «Zest» санатында Карина Жанғазова 2-орыннан көрінді. Ал Антон Гаас «лазер» санатында, Карина Жанғазова жекелей сында, Берік Кубаев пен Яна Белозерова жұбы «470» санатында үздік үштікті түйіндеді.

Спорттық гимнастика: Каирде (Мысыр) өтіп жатқан 2024 жылғы алғашқы Әлем кубогі кезеңінде ұлттық құрама спортшысы Зейнолла Ыдырысов ат снарядындағы жаттығуда қола жүлдеге ие болды. Ол 14.800 ұпай жинап, Ахмад Әбу Әл-соуд (Иордания) және Хур Унтан (Оңтүстік Корея) кейінгі нәтиже көрсетті.

Дзюдо: Ұлттық құрама спортшысы Әбиба Әбужақынова Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Grand Slam жарысында қола медаль жеңіп алды. Ол 48 кг дейінгі салмақта жүлде жолында Бельгия атлеті Лойс Петиттен айласын асырды. Бұл – Әбибаның биылғы әлемдік додаларда алған екінші жүлдесі.

Таэквондо: Түркияның Анталья қаласында таэквондодан G1 санатына кіретін Turkish Open халықаралық жарысында Қазақстан құрамасы ересектер арасында 3 медаль жеңіп алды. Жансель Дениз (73 кг) бен Самирхон Абабакиров (73 кг) күміс жүлдегер атанса, Руслан Жапаров (+87 кг) үздік үштікті түйіндеді.
Ал Тегерандағы (Иран) Fajr Open халықаралық турнирінде жерлестеріміз тоғыз жүлде жеңіп алды. Бейбарыс Қаблан (87 кг) мен Мария Севостьянова (57 кг) күміс жүлдегер атанса, Тамерлан Тілеулес (58 кг), Нұрқанат Қожахмет (80 кг), Нұрлан Мырзабаев (87 кг), Мақсат Орынбасар (74 кг), Ботакөз Қапанова (49 кг), Камила Аймұқашева (62 кг) мен Айдана Сүндетбай (53 кг) қола медаль олжалады.

Шорт-трек: Денис Никиша Польшаның Гданьск қаласында өткен шорт-тректен Әлем кубогі кезеңінде күміс жүлдегер атанды. Ұлттық құрама көшбасшысы 500 метрге жарыстың финалында тек Олимпиаданың 3 дүркін жүлдегері Стивен Дюбуаға (Канада) есе жіберді. Үздік үштікті Польша спортшысы Михал Невински түйіндеді.

Теннис: Михаил Кукушкин Манамадағы (Бахрейн) челленджер турнирінің жеңімпазы атанды. Финалда франциялық Ришар Гаскемен шеберлік байқасқан отандасымыз қарсыласынан екі сетте 7:6 (7:5), 6:4 есебімен басым түсті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: