3-6 шілде аралығында Ратомка қаласында (Беларусь Республикасы) конкур бойынша «Кубок Содружества» халықаралық жеке-командалық турнирі өтті. Жарысқа Беларусь, Ресей, Өзбекстан елдерінен, сондай-ақ Қазақстан құрамасынан спортшылар қатысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Турнирдің соңғы ақтық кезеңінде биіктігі 145 см кедергілерді еңсеру бойынша командалық жарыстар өтті. Бұл кезеңде спортшылар «Үлкен шеңбер» жүлделері үшін бақ сынады.
Қазақстандық шабандоз Раиса Соколенко Уран есімді тұлпарымен бірінші гитті айып ұпайынсыз аяқтап, сенімді нәтиже көрсетті.
Ал екінші гитте Қазақстан мен Өзбекстан шабандоздары «Содружество» командасының құрамында бірлесіп өнер көрсетіп, Өзбекстан құрамасының өкілі Бекзод Курбановпен бірге жоғары шеберлік танытып, командалық есепте жеңіске жетті.
Мұндай халықаралық турнирлерге қатысу қазақстандық шабандоздардың кәсіби шеберлігін арттыруына, халықаралық спорттық байланыстарды нығайтуға және Қазақстандағы ат спортының танымалдылығын арттыруға зор ықпал етеді.
Отандық спортшылар олимпиадалық ат спорты түрлерінен ел намысын абыроймен қорғап, ұлттық және халықаралық ареналарда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді.