Қазақстандық қыз Америкадағы университетте қазақ тілінен сабақ беріп жүр

18 Қаңтар, 13:00 5109

Соңғы кездері қазақ тіліне шетелдіктердің қызығушылығы оянып, тілді еркін меңгеруге ден қойғандардың қатары көбейгені қуантады. Бұл істе ана тілімізді дәріптеп, әлемге паш етіп жүрген өнер иесі Димаш Құдайберген мен әлем ареналарында өз тілінде сөйлейтін спортшыларымыздың үлесі зор екені анық. Америкалықтар да қазақ тілінің терең иірімдеріне зер салып, ұлттық құндылықтарымызбен танысып жатыр. АҚШ-тың Индиана штатындағы көшбасшы университеттердің бірінде қазақ тілін үйретіп жүрген оқытушы Айна Жансұлтановмен әңгімелестік.

El.kz: Айна, ең алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз...

Айна Жансұлтанова: Алматы қаласында туып өстім. Алматыдағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірдім. Кәсіби жолымды аудармашы болып бастап, мұғалімдікке қызығушылығым көбірек болып ауыстырған болатынмын. Ағылшын тілі мұғалімі болып мектепте, университетте сабақ бердім. Биылғы оқу жылында АҚШ-тағы Indiana University Bloomington деген университетте қазақ тілінен сабақ беріп жүрмін.

El.kz: АҚШ-қа қалай бардыңыз?  АҚШ университетінде оқытушы болу үшін не істеу керек? Қандай талаптары мен шарттары бар? Жалақысын да айтып өтсеңіз...

Айна Жансұлтанова: Америка Құрама Штаттарына Fulbright FLTA (foreign language teaching assistant) деген бағдарламамен келдім. Бұл ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған стипендиялық бағдарлама. Ұзақтығы 1 жыл, тіл мамандарына американлықтарға ана тілдерін оқытуға мүмкіндік береді.  Америкалық университетте оқытушы болу үшін ең алдымен өз ісінің тәжірибелі маманы болу керек деп санаймын.  Мен өзім негізінен қазақ тілі маманы болмасам да, шет тілін (ағылшын тілі) оқытудағы тәжірибем өз пайдасын тигізді, ал ана тілі білімім маған осындай бір ерекше мүмкіндік берді. Екіншіден, ағылшын тілін жақсы деңгейде меңгеру қажет, себебі оқыту тілі – ағылшын тілі. Одан басқа жаңашыл идеяларға ашық болу, білім берудегі креативтілік, прогрессивті көзқарас ұстану кандидат іріктегенде өте маңызды рөл ойнайды деп ойлаймын.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от English teacher (@aynasenglish)

El.kz: Америкада жүріп, қазақ тілінен сабақ беру былайша айтқанда нонсенс секілді. Сабаққа кімдер қатысады? Бір топта қанша студент оқиды? Қазақ тіліне қызығушылықтары қалай оянған? Америкалықтардың қазақ халқына көзқарасы қандай?

Айна Жансұлтанова: Осы бағдарлама туралы екі жылдай бұрын өзім естігенде менің де таңғалғаным бар. «Америкалықтар қазақ тілін не мақсатпен оқып жүр? Сабақтарды кім жүргізеді екен?» деген сияқты сұрақтар туындаған. 2023 жылдың тамыз айында АҚШ университетіне келіп, қазақ тілі курсына жазылған студенттердің саны, шынымды айтсам, жақсы жағынан таңғалдырды әрі қуантты десем артық емес. Қазір мен жалпы алғанда 9 америкалық студентке қазақ тілін оқытып жүрмін. Студенттер 2 деңгейге бөлініп, біздің ана тілімізді меңгеріп жатыр. Ол – бастауыш және орта деңгей. Әр студенттің қазақ тілін оқудағы мақсаттары өз алдына бөлек. Көбінесе, оқып жатқан мамандықтары аясында жүргізетін зерттеуде қазақ тілін қолдану ниетімен үйреніп жүр. Студенттерімнің көбісі Қазақтанда болған, сонда қысқа уақыт болса да, тұрып келген. Бір студентімнің қазақ тіліне қызығуына Алматыдан алған ерекше әсері себеп болған. Ал қазақстандықтарды өте қонақжай, мейірімді, көмектесуге әзір халық деп таныған екен. Қазақ тілін үйрену менің студенттеріме айтарлықтай қиындық тудырып жатқан жоқ деп ойлаймын, себебі студенттердің көбісі басқа шетел тілдерін үйренген адамдар. Оған қоса, сабаққа ынты-шынтысымен кірісіп, байыппен қарайтын студенттер.

El.kz: Өзіңіз 4 тілді еркін меңгергенсіз.. Шет тілдерін меңгеруге қатысты лайфхактарыңызбен бөлісе аласыз ба?

Айна Жансұлтанова: Алматыдан болғандықтан, екі (қазақ және орыс) тілді ортада өстім. Университетте орта мектептен алған ағылшынымды тереңдетіп, француз тілін үйрене бастадым. Тілдерге деген қызығушылығым арта бастады. Менің ойымша, шет тілін меңгеру үшін ең бастысы шыдамдылық пен жүйелілік керек. Әрбір тіл өз алдына бөлек әлем екенін түсінген дұрыс, ал оны меңгеру үшін уақыт бөлу қажет. Сонымен қатар, ол тілді не мақсатпен үйреніп жүргеніңізді де анық айқындап, түсінуіңіз қажет. Мақсатыңызды, тіл білімі сізге беретін мүмкіндікті және сол біліміңізбен  өз ортаңызға алып келетін пайдаңызды анық білгенде, үйрену процесі оңай әрі қызықты болатыны анық.

El.kz: Шетелде оқу жастарға қандай мүмкіндік сыйлайды? Қандай артықшылықтары бар?

Айна Жансұлтанова: Менің ойымша, мүмкіндік үшін міндетті түрде шетелде оқу қажет емес. Дегенмен, шет елде жоғары білім алудың артықшылықтарын, беретін мүмкіндіктерін жоққа шығара алмаймыз. Ең бастысы шет елге шығып оқитын адамның өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгеретініне көп нәрсе байланысты деп ойлаймын. Өз басым Францияға барып магистратура оқығанымда, өзімді жақынырақ түсіне бастадым. Бұл, әрине, үлкен артықшылық.

El.kz: Шетелде оқыған жастар елге қайтқысы келмей қалмай ма? Олардың көпшілігі елімізге қандай пайдасын тигізе алады деп ойлайсыз?

Айна Жансұлтанова: Шет елде оқыған адамдар өз еліне алып келе алатын пайдасы өте зор деген ойдамын. Әлемнің басқа төңірегінде сонау уақыттан бері қалыптасқан білім, ғылым, тәжірибе жиған маман өз еліне жаңа, заманауи бағыт-бағдар, идеялар беретіні сөзсіз ғой.

El.kz: Қазақстандық жастарға қандай кеңес бересіз?

Айна Жансұлтанова: Жалпы адамдарға, жастарға кеңес беру мүмкіндігім болса, онда былай деп айтар едім: «Сіздің қандай арманыңыз болмасын, оның орындалуы тек мүмкін емес, оның орындалуы тиіс, себебі сіздің қолыңыздан ол келеді. Тек батыл болыңыз, шыдамдылық танытыңыз, өзіңізге сеніңіз. Ең маңыздысы, сол жолда өзіңізді жоғалтушы болмаңыз. Ешбір жетістік тәрбие мен жүректің тазалығынан артық емес».

El.kz: Болашақтағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз...

Айна Жансұлтанова: Өз болашағыма қатысты жоспарларыма келетін болсақ, ағылшын тілін үйретуде Еуропадан, АҚШ-тан жиған білімімді, тәжірибемді барынша біріктіріп, біздің өзіміздің білім беру жүйесіне бірте-бірте енгізе алсам деп жоспарлап отырмын. Ал бұл жан-жақты өзгерісті талап етеді. Оқыту әдістері ғана емес, бұл жерде оқытушы мен студенттер арасындағы қарым-қатынас, қолдаудың, жалпы білім беру ортасының атқаратын рөлі зор.

Көпшілік «Бір барып көрсем» деп армандайтын Америка Құрама Штаттарына өз басым қазақ болғандықтан, қазақ тілінің арқасында келіп отырмын. Соны жерлестеріме жеткізгім келеді. Біздің тілді, халықты, мәдениетті таныстыру мен үшін үлкен құрмет. Fulbright FLTA бағдарламасы аясында АҚШ астанасы Вашингтон қаласында 50-ге жуық ел өкілдері бас қосқан конференцияда Қазақстанды таныстырғаныма мақтанып қуанамын.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет! 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от English teacher (@aynasenglish)

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: