Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен әлем чемпионатында ел құрамасының қоржынына екі алтын түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда, 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Элина Базарова жеңіс тұғырынан көрінді. Ол финалда германиялық Куцохристоу Крисовалантудан басым түсті. Екінші алтын — 66 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Бақыт Сейдіштің еншісінде. Ол да Карлотта Шуенеман есімді неміс қызынан шеберлігін асырды.
Сондай-ақ, қазақстандық тағы үш боксшы қыз қола медаль иеленді. Олар — Гүлназ Бөрібаева (48 кг), Әсем Таңатар (63 кг) және Әсел Тоқтасын (+81 кг). Қазақстандық қыздар медаль саны жөнінен Үндістанға ғана (2 алтын, 2 күміс, 3 қола) есе жіберіп, екінші тұғырдан көрінді.
Ал жігіттеріміз — Нұрбек Мұрсал (67 кг) мен Дәулет Төлемісов (75 кг) шешуші кезеңде өзбекстандық қарсыластарына есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтты. Жалпыкомандалық есепте ұлт құрамасы Англиямен үшінші орынды бөлісті.