Қазақстандық оқытушы Корея қорының грантын жеңіп алды

19 Қаңтар, 09:42 856
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Зарипа Серікбаева Корея қорының (Korea Foundation) грант иегері атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Ең ірі Корея қоры (Korea Foundation) беретін грант шетелдік ғалымдар мен университет оқытушыларының ғылыми зерттеулері мен жобаларына қолдау көрсетуді көздейді. Осылайша грант иегері атанған ҚазҰУ ғалымы Сеул ұлттық университетінде ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында Оңтүстік Корея астанасына барады. Ол корей тілін шет тілі ретінде оқыту тақырыбын терең зерттеп, аталған университеттің педагогика факультетінде 2024 жылдың 1 ақпаны мен 31 шілдесі аралығында тағылымдамадан өтеді.
 
Корея қоры корейтануды насихаттауға бағытталған бірқатар бағдарламалар, семинарлар және түрлі жобалар шеңберінде ЖОО ғалымдары мен оқытушылардың зерттеу жұмыстарына қолғабыс етеді. Грант байқауына әлемнің түкпір-түкпірінен корейтану саласында зерттеу жүргізіп, корей тілін оқытумен айналысатын үміткерлер қатыса алады.
 
Грантты иелену ғылыми жұмыстар мен жобаларды жүзеге асырумен ғана шектелмейді, сонымен қатар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мәдени әрі ғылыми байланыс алмасуға жол ашады.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: