15.10.2025
17:33
523
Қазақстандық оқушылар созылмалы ауруды ерте анықтайтын қосымша ойлап тапты

Қазақстандық оқушылар созылмалы ауруды ерте анықтайтын қосымша ойлап тапты

 El Umiti Premiasy жобасының қатысушылары адамның қозғалысын талдау арқылы паркинсон ауруын ерте кезеңде анықтай алатын нейротехнологиялық қосымша әзірледі. Қосымшаны ойлап тапқан оқушылар – Фариза Рамазанова, Еркеназ Оразалы, Ділнәз Нұрхамит және Сағыныш Қазиева. Олар бір жылдан астам уақыт бойы инновациялық шешім арқылы мыңдаған адамның өмір сапасын жақсартуға ұмтылып келеді, дейді  El.kz интернет порталы.

Паркинсон ауруы – көбіне ересек жастағы адамдарда кездесетін созылмалы дерт. Жоба авторлары бұл мәселені технология көмегімен ерте анықтап, емдеуді тиімдірек етуге болады деп сенеді.

Оқушылар өз жобасын Astana Battle Hub алаңында қорғап, Discovery of the Year (Жыл жаңалығы) номинациясын жеңіп алды және 25 000 доллар көлемінде сыйақы иеленді.

Нәтижелер жарияланған сәтте қандай сезімде болдыңыздар? 

– Басында өзіміздің жеңімпаз атанғанымызға сене алмадық. Бірінші болып ата-анамызға хабарласып, қуанышымызды бөлістік.

Шынымызды айтсақ, Social Impact номинациясында жеңеміз деп ойлаған едік. Ал Discovery of the Year аталымында біздің атымыз аталған сәт сөзбен жеткізгісіз қуаныш болды.

Бәсеке өте жоғары болды, байқауға 10 елден 180-нен астам жоба қатысып, жартылай финалға 80 команда өтті, ал финалда бар болғаны 15 жоба қалды. Солардың ішінде біз жалғыз мектеп оқушылары едік. Бұл біз үшін үлкен мәртебе әрі еңбегіміздің маңыздылығын дәлелдеген сәт болды.

– Жоба идеясы қалай пайда болды?

Біздің командадағы қыздардың бірінің атасы паркинсон ауруымен ауырады. Сол себепті ол бұл дертті ерте анықтауға көмектесетін шешім іздегісі келді.

жеке мұрағат 

Қазір бүкіл әлемде бұл аурумен 8 миллионнан астам адам, ал Қазақстанда шамамен 30 мың адам ауырады. Көптеген егде жастағы адамдар өзінде паркинсон бар екенін білмейді, себебі оны бастапқы кезеңде анықтау өте қиын.

Біз қарт адамдардың осындай мәселелеріне жиі назар аударылмайтынын байқадық және осы бағытта нақты жоба бастауды ұйғардық.

– Жобаға кіріскеннен кейін қандай да бір қиындықтар болды ма?

– Біз жобамен шамамен бір жыл жұмыс істедік. Сабақтан кейін Астана медициналық университеті мен нейрохирургия клиникасына барып, ақпарат жинадық.

Емделушілер мен сөйлесіп, зерттеу бейнелерін түсіруге рұқсат сұрадық, бірақ көбісі бас тартты. Соған қарамастан, біз тоқтаған жоқпыз. Хат жаздық, хабарластық, қажетті деректерді табуға тырыстық.

Медициналық мәліметтер жиналған соң, нейрожеліні үйрету процесін бастадық. Бағдарламалау пәнінің мұғалімі бұл кезеңде бізге көмектесті. Модель дайын болғаннан кейін қосымшаны іске қосып, клиникалармен ынтымақтастық орнаттық.

Қазір біз Шашкин клиникасымен серіктесіп жұмыс істеп жатырмыз. Олар қосымшадағы жаттығуларды сынақтан өткізіп, аурудың дамуын баяулатуға арналған әдістерді бағалауға көмектеседі.

– Қосымша арқылы диагноз қалай қойылады?

Қолданушы қосымшаға кіріп, қарапайым тест орындайды. Өз қозғалысын бейнежазбаға түсіреді. Алгоритм бұл бейнені талдап, аурудың ықтималдығын есептейді. Егер көрсеткіш жоғары болса, жүйе пайдаланушыға дәрігерге қаралу қажеттігі туралы хабар береді.

Сонымен қатар қосымшада арнайы жаттығулар бөлімі бар. Егер адамда ауру бар болса, ол осы жаттығуларды орындап, қозғалыс үйлесімін және ой сергектігін сақтай алады.

– Қолданушылардың нақты қажеттіліктерін қалай анықтадыңыздар?

Ең тиімді тәсіл – олардан тікелей сұрау. Біз паркинсон ауруымен ауыратын адамдармен және олардың дәрігерлерімен сөйлестік. Медицина мамандары реабилитациялық құралдардың жетіспейтінін айтты. Мысалы, қолдың дірілінде не істеу керегін көп адам білмейді.

жеке мұрағат 

Ал ем алушылар ауру туралы ақпараттың аздығына шағымданды. Сондықтан біз қосымшаға ақпараттық бөлім енгіздік.

– Қазіргі басты мақсаттарыңыз қандай?

Қазір басты назарымыз – модельдің дәлдігін арттыру және реабилитация блогын жетілдіру. Біз қосымша медициналық деректер сатып алып, ресми лицензия алуды жоспарлап отырмыз. Осылайша қосымша ресми диагностикалық құрал мәртебесіне ие болады.

Қазіргі уақытта біз диагноз қою құқығына ие емеспіз, сондықтан пайдаланушыларды нәтижені растау үшін клиникаларға бағыттаймыз. Болашақта қосымша мұны өздігінен жасай алатындай деңгейге жеткізгіміз келеді.

Жақын арада Astana Hub-пен келісімге келіп, алынған қаражатты тек жобаны дамытуға жұмсамақпыз. Біздің келесі мақсатымыз – паркинсон ауруын адамның мимикасы мен жүрісінен анықтайтын жүйе құру. Кейін Альцгеймер және деменция ауруларын да анықтайтын функционал қосу жоспарда бар.

Сондай-ақ қосымша құрылғылар – antitremor-браслет пен «ақылды таяқ» жасап, адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетуді көздеп отырмыз.