Қазақстандық оқушылар робототехникадан халықаралық чемпионатта рекорд орнатты

29 Наурыз, 03:13 910

Сингапурда өткен First Lego League Challenge робототехникадан халықаралық чемпионат аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, оған Оңтүстік Корея, Малайзия, Польша, Индонезия және Қытайдан 100-ден астам оқушы қатысты.

Аталған додада қазақстандық оқушылар әлемнің жас инженерлерімен бәсекеге түсті. Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша қазақстандықтар ең жоғары марапаттарға ие болып, рекорд орнатты.

Роботтар ойынында тапқырлық танытып қана қоймай, команданың ұйымшылдығын, негізгі құндылықтарын таныту керек болды. Біз инновациялық жобамызды көрсеттік. Бұл керемет тәжірибе болды, еліміздің бізге үміт артып отырғанын білгендіктен, жеңіс үшін бар күш-жігерімізді салдық. Нәтижесінде әлемнің озық елдерінің арасынан суырылып шығып, рекорд орнаттық, - дейді қуанышымен бөліскен оқушылар.

Еліміздің намысын «Ro alemi» командасының құрамында Семей қаласының Білім-инновация және №22 орта мектебінің оқушылары Арыстан Ибрагим, Жанарыс Ардахов, Дархан Мамадилов, Айдмұхамед Табараков, Әділжан Қабыкенов, Азат Сапаралы және Жәнібек Әбдікәрімов қорғады. Олар чемпионатта ықтимал 550 ұпайдан 540 ұпай жинап, рекорд орнатты және «Robot Design» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар, барлық төрт бағыт бойынша жоғары нәтиже көрсеткені үшін «Champions Award» бас номинациясында бас жүлдені қанжығалады.

Сондай-ақ қазақстандық Tamos Éducation мектебінің «QSTEM-TAMOS Stars» командасының құрамында өнер көрсеткен Мадияр Намазалы, Нұрәлі Сатыбалды, Рашид Ахмеджанов және Аңсар Баязеров чемпионаттың барлық төрт бағыты бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп «Champions Award» номинациясында I орын алды.

Атырау қаласының Білім-инновация лицейінің оқушылары «Pioneers» командасының құрамында Мәлік Ислам, Нұрислам Берікұлы, Бекасыл Нұрымжан, Ерасыл Нұрымжан, Алмаз Абзал, Алмас Ерланұлы, Алдияр Шамар және Әлішер Данилов өнер көрсетті. Олар инновациялық жобаны табысты жүзеге асырғаны үшін «Innovation Project» номинациясының финалистері атанды.

Еске сала кетейік, оқушылар халықаралық чемпионатқа жолдаманы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Дарын РҒПО және USTEM Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырған FIRST Central Asia Орталық Азия ойындарында жеңіп алған болатын.

Зарина Арман
Бөлісу: