Қазақстандық оқушылар биология пәні бойынша әлемдегі ең беделді олимпиададан төрт қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Филиппинде мектеп оқушыларына арналған әлемдегі басты зияткерлік сайыстардың бірі – Халықаралық биология олимпиадасы (International Biology Olympiad, IBO-2025) өз мәресіне жетті. Биыл бұл додаға 80 елден 320-дан астам дарынды жас қатысты.
Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі қола медаль иеленіп, 100 пайыздық командалық нәтиже көрсетті:
Ерсұлтан Қайыркен – Павлодар облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;
Батыр Ержанұлы – Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;
Айғаным Балташева – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
Алихан Ашырханов – Алматы қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы.
Команданың ғылыми жетекшілері – отандық ғылымды белсенді дамытып жүрген жас биолог-ғалымдар Ләйлә Асқарова мен Ильяс Сакимов.
IBO-2025 олимпиадасы екі кезеңнен тұрды:
Теориялық тур – молекулалық және жасушалық биология, генетика, экология, эволюция және биожүйелеу бойынша күрделі есептерді шешу.
Практикалық тур – зертханалық жұмыстар, микроскопия, үлгілермен жұмыс істеу және биологиялық процестерді талдау.