Қазақстандық оқушы АҚШ-тың технологиялық институтынан шақырту алды

18 Наурыз 2023, 18:35 1323

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті

12 сынып оқушысы Ерсұлтан Питебай Массачусетс технологиялық институтынан шақыру алды. Қазақстандық оқушы өз арманын қалай жүзеге асырғанын айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

18 жастағы Ерсұлтанның айтуынша, оның шетелде білім аламын деген арманы сегізінші сыныптан басталған. Физиканы пәніне де қызығушылығы осы кезде арта бастаған.

«Бес жылдан бері түрлі олимпиадаларға қатысып келемін. Сегізінші сыныпта алғаш рет республикалық, одан әрі физика пәнінен Халықаралық олимпиадаға қатысып, екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алдым», - деді Ерсұлтан.

Американың беделді университетіне түсу үшін оқушы бір жылға жуық дайындалған. Емтихан тапсырып, эссе жазған.

«Оқуға түсу жетістіктермен және емтихан нәтижесімен шектелмейді. Құрдастарыма айтатын кеңесім – сүйікті іспен айналысып, көп еңбектену қажет. Осы жолда маған қолдау көрсеткен ата -анама және мұғалімдеріме рахмет айтамын», - деді Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы.

Американың ЖОО-ны бітіріп, елге келген соң Ерсұлтан Питебай физика саласын зерттеуді жалғастырып, отандық ғылымның дамуына өз үлесін қосуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Массачусетс технологиялық институты әлемдегі рейтингі жоғары оқу орындарының бірі. Робототехника және жасанды интеллект саласында жетекші білім ордасы.

EL.KZ
Бөлісу: