Қазақстандық мюзикл Кореяда екі марапатқа ие болды

7 Маусым 2023, 08:15 1604

Қазақстандық мюзикл Кореяда екі марапатқа ие болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, «Роза Бағланова» қойылымын Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымына қарасты «Astana Musical» мемлекеттік театры сахналаған. Қойылым Daegu International Musical Festival фестивалінде «Үздік халықаралық мюзикл» номинациясын жеңіп алды.

Байқау жыл сайын Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында әлемнің түкпір-түкпірінен театрлар мен шығармашылық ұжымдарды жинайтын беделді халықаралық мюзикл фестивалі. Биыл ол 17-ші рет өтті. Astana Musical ұжымы оған алғаш рет қатысты. Әртістер Кореяға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен барған.

Қазақстандықтар бір марапатпен шектелмеді. Қойылымда басты кейіпкер – Роза Бағланованың рөлін сомдаған актриса Зарина Макина үздік әйел рөлі үшін жүлдеге ие болды. Ол Англия, Германия және Франциядағы әріптестерінен басым түсті.

Бұл – Қазақстан театр өнерінің айшықты жетістігі. Astana Musical артистері көрермен қауымды таланттарына тәнті етіп, әлем жұртшылығының қазақ мәдениеті туралы биік көзқарас қалыптастыруына сеп болды. Мен елімізге жеңіс бақытын сыйлаған артистерге алғыс айтамын және құттықтаймын. Оларға сарқылмас шабыт пен жаңа шығармашылық биіктерді бағындыруды тілеймін, - деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Берік Арманов
Бөлісу: