Меруерт Төлеген Нью-Йорктегі беделді сән алаңында өз коллекциясын таныстырған жалғыз қазақстандық дизайнер атанды. Бұл туралы Nazik_media-ға сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
АҚШ-қа бала кезінде қоныс аударған Меруерт осылайша өз тамырынан ажырамағанын да дәлелдегендей.
Меруерт Төлегеннің сән индустриясындағы жолы қарқынды дамып жатыр. Ол 2021 жылы өзінің жеке брендін іске қосқаннан бері беделді LVMH Prize және CFDA/Vogue Fashion Fund байқауларының финалисі атанып үлгерді, сондай-ақ Нью-Йорктегі Wooster Street-те бутик ашты.
2022 жылы ол Париж сән апталығында дебют жасап, романтизмді француз тарихи стилімен үйлестірген коллекциясын ұсынды.
Төлегеннің коллекциялары қолөнер тәсіліне, тарихи астарларға және ұсақ-түйекке дейін мән беретін стилімен ерекшеленеді – викториандық силуэттерден бастап Мария-Антуанетта дәуірін еске салатын элементтерге дейін.
Дизайнердің айтуынша, ол үшін әрбір киім шебердің қолтаңбасын да, ойнақы элементті де сақтауы маңызды.