Қазақстандық боксшылардың жартылай финалдағы қарсыластары белгілі болды

8 Қараша 2022, 17:41 2393

Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлімдеді

Иордания астанасы Амманда өтіп жатқан XXXII Азия чемпионатында қазақстандық былғары қолғап шеберлері кем дегенде 21 жүлдемен оралады, деп хабарлайды El.kz Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Құрлық додасында барлық боксшымыз жартылай финалға жолдам алды. Әуелі Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов үндістандық Сачинді еш қиындықсыз тізе бүктірді. Ізін ала Нұрқанат Райыс қырғызстандық Сагын Сатыбалдыулумен кездесіп, 2-раундтан ары асырға жоқ. Ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар да жеңісті серияны сәтті жалғастырды. Нұрбек таиландтық Джонджохо Вирапунды (3-1), Айбек үндістандық Навин Кумарды 2 рет нокдаунға түсірді.

Амман төрінде алғаш рет өнер көрсеткен Сағындық Тоғамбай (86 келі) тәжікстандық Навруз Джафоевты ойсырата ұтып, кемі қолаға қол жеткізді. Әуесқой боксқа қайта оралған аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев оңтүстік кореялық До Хён Кимды сенімді ұтып, күнді керемет аяқтады. Қамшыбек осы жеңісін анасының туған күніне арнағанын айта кетейік.

Кешкі сессияда Ұлттық құрама сапынан сынға түскен  2 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай төрешілер шешімімен моңғолиялық Балсангийн Менгенсараннан басым болды. Есеп: 3-2.

Қайрат Сатжанов баптайтын ерлер құрамасындағы 13 боксшының 12-сі жартылай финаға сүрінбей жетсе, 2-орында 10 боксшысы бар Өзбекстан тұр. Үштікті 5 шаршы алаң шеберіне сенім артатын Үндістан, Моңғолия мен Иордания түйіндейді.

Ал әйелдер бәсекесінде де Қазақстан жеке дара көш келе жатыр (9 боксшы). Одан кейін Үндістан (7 боксшы) мен Оңтүстік Корея (6 боксшы) орналасқан.

Осынау елеулі нәтиженің арқасында Қазақстан құрамасы бүгін Халықаралық бокс ассоциациясының (IBA) әлем рейтингінде көш бастады.

Айта кетейік, Азия чемпионатының жартылай финал жекпе-жектері 9-10 қарашаға жоспарланған. Ал биылғы чемпиондар мен жүлдегерлер 11-12-не белгілі болады.

Жартылай финал. 10 қараша:

48 кг. Санжар Ташкенбай – Кумар Сахани Говинд (Үндістан)

51 кг. Сәкен Бибосынов – Томоя Цубои (Жапония)

54 кг. Сабырхан Махмұд – Шахзод Музафаров (Өзбекстан)

57 кг. Серік Теміржанов – Мұхаммад Хуссамуддин (Үндістан)

60 кг. Саматәлі Төлтаев – Әбу Джадже Мухаммед (Иордания)

67 кг. Дулат Бекбауов – Асадхужа Мудинхуджаев (Өзбекстан)

71 кг. Асланбек Шымбергенов – Отгонбатар Биамба (Моңғолия)

75 кг. Нұрқанат Райыс – Мусави Сейедшахин (Иран)

80 кг. Нұрбек Оралбай – Хусейн Эйшайшиашайш (Иордания)

86 кг. Сағындык Тоғанбай – Рияд Адельхиндави Одаи (Иордания)

92 кг. Айбек Оралбай – Туфан Шарифи (Иран)

+92 кг. Қамшыбек Қоңқабаев – Мұхаммад Аброридинов (Тәжікстан)

 Жартылай финал. 9 қараша:

48 кг. Алуа Балқыбекова – Фарзона Фозилова (Өзбекстан)

50 кг. Назым Қызайбай – Цукими Намика (Жапония)

52 кг. Жазира Орақбаева – Ринка Киношита (Жапония)

54 кг. Жайна Шекербекова – Хуан Сяовэнь (Тайвань)

57 кг. Карина Ибрагимова – Нести Петесио (Филиппин)

66 кг. Мадина Нұршаева – Чой Хонгу (Оңтүстік Корея)

70 кг. Дариға Шәкімова – Чэнь Ниэнь-чинь (Тайбэй)

81 кг. Гүлсая Ержан – Ти Хонг Нгуен (Вьетнам)

+81 кг. Ләззат Күнгейбаева – Алфия Тараннум Акрам (Үндістан).

EL.KZ
Бөлісу: