Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының BIRLIK ансамблі Жапонияның Осака қаласындағы EXPO 2025 халықаралық көрмесінде өнер көрсетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ансамбль Ұлттық күніне арналған салтанатты ашылу рәсімі мен гала-концертіне қатысты. Бұл іс-шараға 158 ел, 9 халықаралық ұйым қатысты. Өнер ұжымы Осака қаласындағы Ray Garden сахнасында және Swissotel Nankai Osaka қонақ үйінің салтанатты залында өнер көрсетіп, көпшілік көңілінен шықты. Концерттік бағдарламада көрермен назарына «Күй шашу», «Аққу», «Салкүрең» сынды дәстүрлі билер ұсынылған.
BIRLIK ансамблі - жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды ұлықтап, еліміздің мәдениетін әлемге танытып жүрген бірегей өнер ұжымы саналады.
Айта кетейік, аталмыш ансамбль мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2024 жылғы 1 наурыз Алғыс айту күніне орай құрылған еді. Осылайша, Қазақстан мен ТМД елдері тарихында тұңғыш рет көпэтносты ән мен би ансамблі жасақталды. Ұжымның репертуары қазақ халқының тарихымен және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуымен тығыз байланысты 130 этностың музыкалық мұрасы мен өнерін қамтып отыр.