05.11.2025
15:00
573
Қазақстандық банктер шариғат талаптарына сай өсімсіз несие бере алады

Қазақстандық банктер шариғат талаптарына сай өсімсіз несие бере алады

Елімізде ислам банкингін дамыту бағытында жаңа қадам жасалмақ. Енді әмбебап банктерге бөлек лицензия алмай-ақ исламдық банк операцияларын жүргізуге мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті.

Оның айтуынша, бұрын ислам банкін ашу үшін жеке қаржы институтын құру қажет болатын. Ал жаңа заң жобасы бұл үдерісті жеңілдетіп, қолданыстағы банктердің өзінде арнайы исламдық бөлімше ашуға жол ашады.

Бұл жаңашылдық банктерге жеке ұйым құрмай-ақ өз құрылымында арнайы бөлімше ашып, исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді.

Әбілқасымованың сөзінше, заң жобасында банктерге исламдық қағидаларға сай қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін «исламдық терезе» ашу тетігі қарастырылған.

Біз заң жобасында осындай «исламдық терезе» ашуға мүмкіндік бердік. Егер банк шариғат қағидаларына сай жұмыс істеуді қаласа, өз құрылымында арнайы исламдық кеңес құрып, тиісті талаптарды орындауы қажет. Бұл кеңес тек исламдық операциялар бойынша шешім қабылдайды және қызметтің шариғат нормаларына сәйкестігін бақылайды, – деді агенттік төрағасы.

Сонымен қатар ол исламдық банкингтің нарықта бәсекелестік орта қалыптастыруға оң әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Егер мұндай банктер шариғат қағидаларына сай балама өнімдерді ұсынса, бұл өз кезегінде қаржы нарығында бәсекелестікті арттырып, несиелік мөлшерлемелердің деңгейіне де әсер етуі ықтимал. Ал қалған банк операциялары бұрынғыдай жалпы тәртіппен реттеледі, – деді Мәдина Әбілқасымова.