Қазақстандық балалар "Ақорда" резиденциясына экскурсия жасады

1 Маусым, 19:00 899

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай оқушыларға «Ақорда» резиденциясында экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Оған еліміздің барлық өңірінен 81 бала, соның ішінде су басқан аймақтардан келген оқушылар қатысты. Ақорданың кішкентай қонақтарының қатарында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар.

Экскурсия барысында балалар «Ақорда» резиденциясының орталық салтанатты холы мен ресми қабылдаулар және түрлі жиындар өткізуге арналған залдарын тамашалады. Сонымен қатар резиденция аумағындағы бақты аралап көрді. Бұдан өзге балалар Қазақстан Президентінің жұмыс тәртібімен танысты, еліміздің бас ғимараты туралы қызықты деректерден хабардар болды.

Оқушыларға Мемлекет басшысының атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, саяхат екі күнге жалғасады. Балалар енді Президенттік орталық, Ұлттық музей, «Нұр-Әлем» павильоны сияқты Астананың көрікті жерлерін аралайды.

Перизат Саденова
Бөлісу: