Қазақстандық әйелдердің 70%-дан астамы өз бетімен емделеді

22 Қыркүйек, 11:32 552

Мемлекеттің басты капиталы – адам болса, сол мемлекетті құраушы адамдардың денінің саулығы бүгінгі таңда басты мәселе. Соның ішінде, ұрпақ саулығы, сол ұрпақты дүниеге әкелетін ана саулығы назардан тыс қалмағаны жөн. Иә, ана мен бала денсаулығы  – ұлттық мәселе.  Ұлт саулығын, ұрпақ аманaдығын ойлаған қоғам әйелдердің өмірі мен денсаулығына  салғырт қарамауы тиіс. Медицина дамыған заманда әйелдердің болмашы ауру себебінен баланы өмірге әкеле алмауы, жүктілік кезінде түрлі дертке душар болуы, жалпы әйелдерге тән сырқаттарға ұшырауы – бүгінгі заманның басты мәселесі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әр Жолдауында бұл мәселеге жіті мән беріп, тиісті тапсырмалара беріп келеді. Өткен Жолдауында алдағы жылдары ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілетінін атап айтты. Сонымен қатар елімізде денсаулықты дамытудың 2021-2025 жылға арналған «Дені сау ұлт» атты әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы да жүзеге асып жатыр. Халықтың саулығын жақсартуды көздейтін жобаның басым бағыттарының бірі де осы ана мен баланың денсаулығы. Күні кеше Kazakhstan Women’s Health білім беру жобасының аясында өткізілген Ayelder Dausy 2024 жыл сайынғы әлеуметтік сауалнамасы жария етілді.  Бұл туралы Gedeon Richter Kazakhstan өкілдері әйелдер денсаулығына арналған шара барысында айтты.

Сауалнамаға оралмас бұрын алдымен еліміздегі бірқатар мәселелерге тоқталсақ. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, халқымыздың көсегесінің көгеруі – көбеюімізге байланысты. Ұлт саулығының кепілі – сапалы ұрпақ өрбітуде. Сондықтан, елде кейінгі жылдары әлеуметтік-демографиялық жағдайды анықтайтын фактор ретінде репродуктивті денсаулықты сақтауға баса көңіл бөлініп отыр. Өйткені, ата-ана болу қабілетінен кінәрат табылып, бедеулік диагнозы қойылған азаматтардың саны жыл өткен сайын көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Атап айтсақ, қазір әрбір алтыншы отбасылық жұп бала сүюді аңсап отыр. Ал, ресми статистиканың жылдан-жылға өсуі репродуктивті медицина саласындағы ғылыми зерттеуді дамытуға себеп болуда.

2020 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев демографиялық ахуал, бала сүйе алмай отырған отбасылардың көбейіп жатқанын алаңдаушылықпен атап өтіп, «Аңсаған сәби» ұлттық жобасына бастамашылық жасады. Бағдарлама аясында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) бойынша 7000 квота бөлінген болатын. Осының негізінде бүгінде 3 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Мұның өзі елде репродуктивті денсаулықты қорғауға қаншалықты көңіл бөлініп жатқанын аңғартады.

Көптеген отбасылар репродуктивті денсаулықтың дұрыс болмауы бедеулікке ұрындыратынын ойлай бермейді. Республика Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша,  бедеулік диагнозымен 2020 жылы – 16187, 2021 жылы 19880 әйел есепке алынды. Ал, ерлердің белсіздігі бойынша 2020 жылы – 1372 адам, 2021 жылы – 1515 пациент тіркелген.

Бұл қандай сауалнама?

Осыдан үш жыл бұрын елімізде «Әйел денсаулығы KZ» деген жоба қолға алынып, #4women_RG әйелдер апталығы бала табатын жастағылар өздерін күтуге қаншалықты дағдыланған деген тұрғыда сауалнама жүргізген еді. Алдымен өткен  «Äielder dauysy-2023» зерттеуінің нәтижелеріне қысқаша тоқталсақ.

Өткен жылғы нәтиже бойынша, арнаулы мамандарға сирек баратын немесе мүлде бармайтын әйелдердің қатары 6%-ға азайған. Сауалнамаға қатысқандардың 47%-ы контрацепция әдістері туралы білу үшін дәрігерлерге жүгінсе, бір жылдағы көрсеткіш 1%-ға өскен. Өкінішке қарай, әлі де әйелдердің 72%-ы өзіне өзі емші, бұл – қыз-келіншек­теріміздің денсаулығында кінәраты болса да, дәрігерге қаралуды кейінге ысыра береді деген сөз. Кейбір дерттердің ас­қынуы жақсылыққа апармайтынын жақ­­сы білсек те, көбімізге кесел жаны­мыз­ға әбден батқанша жүре беру әдетке айналған.

Аталған жоба бала табатын жастағы әйел адамдарға арналғандықтан, балалы болуды жоспарлау, қажетсіз жүктіліктен қорғану, түсік жасатудың салдары сынды мәселелерден айналып өту мүмкін емес. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда контрацепция әдістерін қолданбайтын әйелдер саны өткен жылы 2%-ға азайды. Шұғыл контрацепция әдісі туралы хабардарлық алғашқы зерттеулерге қарағанда 12%-ға өскен, бұл – айтарлықтай көрсеткіш.

Сондай-ақ сауалнама рансдермальды контрацепция мысалындағы статистика әйел­дердің тек 10%-ы осы әдіс туралы білетінін көрсеткен. Респонденттердің 24%-ы болашақта жүктілікті болдырмайтын жапсырмаларды қолданудан қашпайтынын білдірген. Бұл әдіске 18-29 жас аралығындағылар көбірек қызығушылық танытқан. Егер балалы әйелдерге гормоналды дәрі-дәрмектер қабылдай жүріп, емі­зуге бола ма деген сауалға келсек, сауал­да­ма­­­ға қатысқан барлық әйелдің 53%-ы бала емізіп жүрген кезінде гормоналды контра­цеп­ция туралы ешқашан естімеген. Бұл әдіс туралы естігендердің 71%-ы бала­ларын емізіп жүрсе, тек 11%-ы ғана оны қа­­был­­даған. Бұл статисти­ка әйелдердің контра­цепцияның қолжетімді әдістері туралы біле түскенін және қандай жағдайда болсын олардың денсаулығына қамқор­лық жасауды арттыру қажет екенін аңғартады.

Сонымен, «Äielder dauysy-2023» зерттеуі әйелдердің өз денсаулығы мен отбасын жоспарлау мәселелеріне деген көзқарасының өскенін көрсетіп отыр. «Қазақстанның әйелдер денсаулығы» әлеуметтік жобасы отандастарымыздың өз денсаулығын күту мәдениетін қалыптас­тыруға табысты ықпал етеді. Тақырыпқа арқау болып отырған мәселе қарапайым болып көрінгенімен, ұлт денсаулығының барометрі – әйелдің саулығы. Бірақ бұл сөздердің мағынасына терең бойлай бермейтініміз өкінішті. Сондықтан түсік жасату сияқты әйелдерге тән әртүрлі кеселдердің көрсеткіші әлі де жоғары.

Қысқасы, жыл сайын профилактикалық тексеруден өтетін қыз-келіншектер саны 50%-дан төмен. Өзін-өзі емдеуді жалғастырып жүргендердің 72%-ы да жүре келе айықпайтын кеселдерге душар болуы ғажап емес.

Өкінішке қарай, сауалдамаға қатысқан­дардың тек 22%-ы ғана гинекологтердің ұсыныстарына құлақ асып, әр 6 ай сайын профилактикалық тексеруден өтеді. Сонымен, «Әйелдер денсаулығы» апта­лы­ғы аясында 18-45 жас аралығындағы қыз-келіншектер ұлттық сауалдамаға қатысып, 54%-ы гинекологке бармайтыны, тіпті сирек баратыны анықталып отыр. Бұл алғашқы сауалдама нәтижелерінен 9%-ы дұрыс десек те, жағдайды әлі де болса оңалта түсуге тура келмек.

Сауалнама нәтижесі көңіл көншіте ме?

Сауалнаманың мақсаты – Қазақстан әйелдерінің өз денсаулығына деген көзқарасын анықтау екенін айттық. Биылғы нәтиже бойынша, сауалнамаға қатысқан қазақстандық әйелдердің жауабына қарағанда, олардың 72% өз бетімен емделеді. Қалғандары ешқашан дәрігердің рецептінсіз дәрі қабылдамайтынын айтқан.

Егер аурудың белгілері пайда болса, әйелдердің 51% симптомдар өздігінен жойылғанша күтеді және олар кетпесе ғана дәрігерге барады. 29% алғашқы белгілер пайда болғаннан кейін дереу мамандарға барады. 17% жағдайдың ауыр екені белгілі болғанша күтеді.

Сонымен қатар, биылғы сауалнама аурудың белгілері өздігінен кетеді деп күтетін және дәрігерге баруды кейінге қалдыратын әйелдер саны 11%-ға (51%-ға қарсы 62%-ға) азайғанын көрсетті. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігерлерге жүгінетіндердің саны 9%-ға (20%-ға қарсы 29%-ға) артты. Бұл динамика қазақстандық әйелдердің өз әйелдерінің денсаулығына қамқорлық жасауға саналы қызығушылықтарының артып келе жатқанын көрсетеді.

Сондай-ақ, 19 пайызы гинекологқа бармайды немесе сирек барады екен. Бұл көрсеткіш 2%-ға өскен. Гинекологқа бармайтындардың арасында негізгі себептер өзгеріссіз қалды: денсаулығына шағымның жоқтығы – 47%, қымбат анализдер – 21%, бос уақыттың болмауы – 18%.

Жыл сайынғы профилактикалық тексеруден өту үшін гинекологқа баратын әйелдер саны небәрі 2%-ға өсті. Жалпы, биылғы сауалнама қазақстандық әйелдердің әйелдер ауруларын емдеудің түрлі әдістерінен хабардар болғанын және алдын алу шараларын жиі қолданатынын көрсетті. Әйелдердің басымдықтары бірте-бірте өзгеріп, олардың денсаулығына қамқорлық жасай алу деңгейіне ауысуда.

Мысалы, сауалнаманың маңызды нәтижесі өзін «толық саумын» деп санайтын әйелдер пайызының артуы болды. 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5% өсіп, 11% құрады. Айта кету керек, сауалнамаға еліміздің түкпір-түкпірінен 29 жасқа дейінгі 2500 респондент қатысты.

Алайда, «Менің денім сау (бірде-бір адам толық дені сау емес)» деген жауапты таңдаған әйелдердің үлесі 2023 жылғы 46%-бен салыстырғанда 38%-ға дейін төмендеді. Бұл адамның өз денсаулығына шынайы баға беруді көрсетуі мүмкін.

Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы Вячеслав Локшиннің айтуынша, қазақ әйелдері денсаулығының әртүрлі аспектілеріне көбірек қызығушылық таныта бастады.

Әйелдеріміздің өз денсаулығына мән бере бастағанын көріп отырмыз. Бұл жалпы денсаулыққа оң әсерін тигізеді және ұрпақты болу функциясына теріс әсер ететін және бедеулікке әкелетін ауруларды ерте анықтауға ықпал етеді. Өкінішке қарай, біздің қоғамда бұл аса  күрделі мәселе болып табылады. Қазақстанда жыл сайын 20 000-ға жуық жұп бедеулікті емдеу үшін емханаларға жүгінеді және олардың жартысын дәстүрлі әдістермен емдеуге болады: дәрі-дәрмек тағайындау немесе хирургиялық араласу деген сияқты. Ал шамамен 55% көмекші репродуктивті технологияларды қолдануды қажет етеді, - деп атап өтті Вячеслав Локшин.

Ол сондай-ақ бедеуліктің алдын алуға салмақты қалыпқа келтіру, дұрыс  контрацепцияларды қолдану, отбасын жоспарлау және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу әсер ететінін айтты.

Дегенмен, соңғы деректер өткен жылмен салыстырғанда өзін саумын деп санайтын әйелдердің жалпы пайызының 3%-ға төмендегенін көрсетті. Қазір бұл көрсеткіш респонденттердің жалпы санының 49% құрайды.

Нәтижелер медициналық қызметтерден хабардар болуды және денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікті арттыру бойынша одан әрі жұмыс қажет екенін көрсетеді. Біз өзіміздің білім беру бағытында жасалған іс-әрекеттеріміздің нәтижелерін көріп отырмыз және қазақстандық әйелдер арасында денсаулықты сақтау және өзін-өзі күту мәдениетін қалыптастыру жолдары туралы хабардар болуының артуына ықпал етіп, оны жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Біз мұны өз миссиямыз деп санаймыз, - деп қосты Павел Хегай, Gedeon Richter KZ бас директоры.

Алдын алу шаралары – мықты денсаулықтың басты негізі. Дәл осы идеяны біздің гинекологтар еліміздегі әр әйелге жеткізуге тырысады және бұл туралы Kazakhstan Women’s Health әлеуметтік жобасы да үнемі айтады.

Акушер-гинеколог мамандарға профилактикалық мақсатта барып тұру өте маңызды. Жатыр мойнының денсаулығы мен жай-күйін бағалау, кез келген өзгерістерді болдырмау, сондай-ақ ұрпақты болу органдарының және жатыр безінің денсаулығын бақылауда ұстау үшін кем дегенде жылына бір рет толық тексерістен өту қажет. Денсаулықтағы кінәрат неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым оны тиімді және жылдам жоюға болады, - деп атап өтті медицина ғылымдарының докторы, Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығының директоры, акушер-гинеколог Галина Гребенникова.

Сонымен қатар, 2024 жылғы сауалнама да контрацепция әдістеріне және жыныстық жолмен берілетін аурулардан қорғауға қызығушылықтың артқанын көрсетті. Осылайша, контрацепция әдістері туралы ақпарат алу үшін өткен жылмен салыстырғанда әйелдер гинекологтарға 10% көп жүгіне бастады (57% қарсы 47%). Сондай-ақ жыныстық жолмен берілетін аурулар туралы ақпарат іздеген әйелдердің саны да 11%-ға өскен.

Ayelder Dausy 2024 зерттеуінің нәтижелері қазақстандық әйелдердің өз денсаулығына және отбасын жоспарлау мәселелеріне саналы көзқарасының біртіндеп артқанын көрсетеді. Біздің «Қазақстан әйелдерінің денсаулығы» әлеуметтік жобамыз адамның өз денсаулығына қамқорлық жасау мәдениетін табысты түрде насихаттап жатқанын мақтанышпен айтамыз. Бұл жолда пайдалы және сенімді ақпараттың болуы өте маңызды.

Түйін: Дана халқымыз «Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатар» деп текке айтпаса керек-ті. Қалай десек те, ананың ауыруы болашақ ұрпақ үшін де, қалың қазақ үшін де үлкен қасірет. Денсаулығы нашар анадан, әлбетте, дені сау ұрпақтың тумайтыны анық. Атам қазақ ананың амандығын ұрпағының амандығы деп білген. Сол себепті, аналарды болашақ ұрпақтың өмірі мен денсаулығына салғырт қарамауға шақырамын. Өйткені, ұлт саулығы – ананың қолында!

Наурызбек Сарша
Бөлісу: