Қазақстандық әскери қызметші джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды

27 Қараша 2023, 00:18 1026

Абай гарнизонының әскери қызметшісі Ресей, Бразилия, Уругвай, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран және Оңтүстік Корея спортшыларымен жекпе-жекте жеңімпаз атанды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Абай гарнизоны 28738 әскери бөлімінің әскери қызметшісі кіші сержант Мерхат Тұяқов Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде өткен джиу-джитсудан халықаралық турнирде әлем чемпионы атағына ие болды.

Байрақты бәсекеде Мерхат Тұяқов қарсыластарына ешқандай мүмкіндік қалдырмады. 85 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан қазақстандық спортшы жеті белдесу өткізіп, оның барлығында айқын басымдықпен жеңіске жетті. Татамиде ол Ресей, Бразилия, Уругвай, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран және Оңтүстік Корея спортшыларымен кездесіп, бәрін тізе бүктірді. Төрт қарсыласын мерзімінен бұрын жеңсе, қалған үш спортшыны ұпай санымен ұтты. Ал, алтын жүлде үшін белдесуде Мерхат Тұяқов Ресей Федерациясының спортшысын жеңді.

Мерхат Тұяқов бес жыл бойы джиу-джитсу күресімен айналысады. Алайда осындай әлемдік додадаға спортшымыз алғаш рет қатысып отыр. Ал, бұған дейін ол еркін күрес, қоян-қолтық ұрыс сынды спорт түрлерімен айналысқан. 

Айта кетсек, джиу-джитсу – шығыс халықтарының жекпе-жек спорт түрлерінің негізін қалаған жапондықтардың дәстүрлі, ұлттық күресі. Джиу-джитсудың негізгі қағидасы – тікелей қарсыласуға бармай, қарсыласын жыққанға дейін қарсы тұрмай, оның әрекеттерін дұрыс бағытта ұстау. Жапондық дзюдзюцу термині «жұмсақтық өнері» деп аударылады. Соңғы уақытта осы спорт түрімен айналысатын әскери қызметшілердің саны артып келеді.

Берік Арманов
Бөлісу: