Қазақстандық арулардың спорттағы 15 жетістігі

9 Наурыз, 11:57 1021

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен – әйелдер қауымы әлемдік спортта да үлкен беделге ие. Ғаламдық жарыстарда секунд сайын рекорд жаңартып, жаңа белестерді бағындырып жатқандар да – әйелдер. Қазақстандық спортшы әйелдердің де спорт секілді  төзім мен талапты, қаталдық пен тәртіпті керек ететін салада да өзіндік үлесі бар. Olympic.kz отандық спортшы әйелдердің ерекше жетістіктерін назарларыңызға ұсынады. 

Олимпиада ойындарында сынға түскен алғашқы қазақ әйелі  - Кенжеш Сәрсекенова. Ол конькимен жүгіруден Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қатысқан алғашқы олимпиадасы – 1994 жылғы Лиллехаммер ойындарында бақ сынады. 

Конькимен жүгіруші Людмила Прокашева Қазақстанға қысқы Олимпиаданың медалін сыйлаған алғашқы спортшы әйел. Ол 5000 метрге жүгіруден жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Қазақстан егемендік алғалы бері велоспорттан төртжылдық додасына екі әйел ғана жолдама алған. Солардың бірі  - Алла Василенко. Велоспортшы Атлантада (1996) тас жолдағы және тректегі жарысқа қатысты. Ол ұпай бойынша топтық жарысты 12-орынмен аяқтап, көптеген қазақстандық спортшы қыздардың велоспортқа келуіне себепкер болды.

Олимпиада ойындарына қатысқан ең жас қазақстандық спортшы қыз – жүзгіш Екатерина Руденко. Ол 13 жасында өзінің бірінші Олимпиадасына аттанды. 2008 жылғы жазғы ойындарда бақ сынаған сәтте Руденконың толық жасы 13 жас 299 күнді құрады. Ол Олимпиадаға қатысқан ең жас спортшы ретінде Қазақстан тарихында қалды.

Олимпиада медалін жеңіп алған алғашқы қазақ қызы – Жазира Жаппарқұл. Зілтемірші Жазира Рио ойындарында күміс медаль иеленді. Сондай-ақ, ол әлем чемпионатында көзге түскен алғашқы қазақ қызы.

Дзюдошы Абиба Әбужақынова Ташкенттегі әлем чемпионатына медаль алған тұңғыш қазақ қызы атанды. Ол 48 келі салмақта үздік үштікке енген болатын.

Шайбалы хоккейден Қазақстан командасы өз тарихында бір рет Олимпиада ойындарына қатысты. 2002 жылғы қысқы ойындарға Қазақстан командасын капитан Ольга Крюкова бастап апарған.

Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева төрт айналым сальховты ресми жарыстарда таза орындаған алғашқы әйел ретінде тарихта қалды. 2019 жылы Жапонияда өткен әлем біріншілігінде ол күміс медаль иеленген тұңғыш қазақ қызы атанды.

2022 жылы Юлия Игнатченко әлемдік теннис төрешілер қауымдастығын мойындатты. Оған кәсіби шеберлігі үшін берілетін күміс белгі (Silver Badge) табысталды. Ол мұндай құрметке ие болған тұңғыш қазақстандық әйел. Бұған дейін Игнатченко Australian Open турнирінің орталық корттағы финалына төрелік еткен.

Теннисші Елена Рыбакина 2022 жылы «Уимблдон» турнирінде жеңіске жетіп, тарихтың жаңа парағын ашты. Бұған дейін қазақстандық спортшыларға мұндай биік бағынбаған еді.

Жеңіл атлет Ольга Рыпакова қатарынан үш Олимпиадада жүлде алған. Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасында чемпион атанса, 2008 жылғы ойындарда екінші, 2016 жылғы Рио додасында үшінші орыннан көрінді. Ол Олимпиаданың жүлделер жиынтығын толық жинаған Қазақстандағы жалғыз спортшы әйел. Сондай-ақ, ол үш қарғып секіруден Азия рекордының иегері.

Елена Антонова шаңғымен жарысудан Қазақстан атынан бес Олимпиадаға қатысқан жалғыз спортшы. Ол 1994, 1998, 2002,  2006 және  2010 жылғы қысқы ойындарда бақ сынады.

Жақында шорт-трекші Алина Әжіғалиева жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Бұл қазақстандық шорт-трек тарихындағы әлем чемпионатының алғашқы жүлдесі.

Могулшы Юлия Галышева 2018 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстанға жалғыз қола медальді сыйлады. Қысқы ойындарға ол 17 жасынан бастап қатысқан.

Тағы бір ерекше жетістігімен көзге түскен спортшы – Мөлдір Жаңбырбай. Ол қазақстандық каратэ тарихында (ерлер мен әйелдер арасында) әлем чемпионы атанған тұңғыш әрі жалғыз спортшы.

Әйелдер қауымы нәзіктігімен ғана емес, ерік-жігерімен, намысымен және темірдей төзіммен әлемдік спортқа түрен салып келеді. Олардың әлі талай тарихи жеңістерге қол жеткізеріне сенеміз.

Суреттер: ҚР ҰОК

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: