14.07.2025
11:20
2772
Қазақстандық әнші «Славян базары 2025» байқауында бас жүлде иеленді

Қазақстандық әнші «Славян базары 2025» байқауында бас жүлде иеленді

Беларусьтің Витебск қаласында өткен әлемге әйгілі «Славян базары 2025» халықаралық ән фестивалінде қазақстандық өнерпаз Алмагүл Батталиева бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Финалдық кезеңде Алмагүл «Вечность» әнін орындап, оған әділқазылар алқасынан 137 ұпай берді. Бұл нәтиже оған биылғы байқаудың абсолютті жеңімпазы атануына жеткілікті болды.

Бірінші орынды Беларусь елінің орындаушысы Валерия Бернатович иеленсе, екінші орын Италия мен Арменияның әншілері арасында бөлінді. Үздік үштікке Ресей мен Қырғызстанның өнерпаздары енді.

Алмагүл Батталиева – Жетісу облыстық филармониясының солисі. Ол бұған дейін ұлттық іріктеуге бірнеше мәрте қатысып, тәжірибе жинақтаған. Биыл талпынысы жемісін беріп, халықаралық сахнада ел мерейін асқақтатты.

Айта кетейік, 2024 жылы дәл осы байқауда Ерназар Жұбан І орынға ие болған еді.

Біз бұған дейін Алмагүл Батталиевамен эксклюзив сұхбат жариялап, оның байқауға дайындығы мен мақсаты туралы жазған едік.