Қазақстандық 1,5 мың сарбаз тегін оқуға сертификат алды

15 Маусым 2023, 15:25 1626

Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді еліміздің жоғары оқу орындарында тегін оқыту үшін іріктеу өткізілді. Бұл туралы Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Байқауға биылғы көктемде запасқа шығарылған азаматтар қатысты.

Қорғаныс министрлігінің өкілі түсіндіріп өткендей, іріктеу әскери қызметшілер рейтингінің нәтижелері бойынша жүргізілді.

Үміткерлердің жетістіктері мен кемшіліктері туралы барлық деректер министрлік сайтының "Срочники 2.0" цифрлық платформасында тіркелді.

Министрлік өкілі қолданыстағы ресурс іріктеу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ете алды және деректерді ауыстыру мүмкіндігін болдырған жоқ дейді.

Регламентке сәйкес взвод командирлері жауынгерлік дайындық журналдарын жүргізіп отырады. Онда әр жауынгердің нормативтерді орындау нәтижелері, тәртібі ескеріледі. Соның негізінде ай сайын барлық оқу пәндері бойынша әскери қызметшінің ағымдағы бағаларының рейтингі шығарылып отырады. Барлық деректер электронды платформада тіркеледі, – деп түсіндірді министрдің кеңесшісі.

Сарбаздарды жоғары оқу орындары мен мамандықтар бойынша бөлу "Срочники 2.0" ақпараттық жүйесінің көмегімен де автоматты түрде жүргізіледі.

Конкурстық іріктеуге барлығы 12 548 мерзімді қызметтің сарбазы қатысты.

ҰБТ сертификатына ұқсас QR-коды бар сертификаттар автоматты түрде жасалды. Оның қандай да бір жалған көшірмесін жасау мүмкін емес. Сарбаздар жоғары оқу орындарына түсу үшін берілген өз сертификаттарын "Срочники 2.0" платформасынан ала алады, – деп толықтырды Айгүл Төлембаева. 

Айта кетейік, барлығы 1500 орын бөлініп отыр. Әскери қызметін өтеп, запасқа шығарылғандар үшін келесі іріктеу 2023 жылдың күзінде өтеді.

Сондай-ақ, іріктеуден өтпеген сарбаздардың қызметі аяқталған соң екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсе алады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: