Қазақстандағы жолдардың қысқы мерзімге дайындығы белгілі болды

24 Қыркүйек 2023, 04:40 740

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «ҚАЖсервис» ЖШС өкілдері республикалық жолдардың қысқы кезеңге дайындығын баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменттері мен әкімшілік полицияның қатысуымен жүргізілген комиссиялық тексерудің нәтижесі бойынша техниканың 80%-ы қысқы маусымға дайын. Бүгінгі күні жалпы саны 1050-ді құрайтын техниканың 838-і жарамды күйде. Сонымен қатар, «КАЖсервис» ЖШС 214 бірлік техниканы жалға алу бойынша конкурстық рәсімдерді өткізіп жатыр.

Автомобиль жолдары комитетінде техниканың дайындығы жеткіліксіз екендігі байқалған аймақтар да анықталды. Атап айтқанда, Абай, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарының қысқы мерзімге дайындығы қанағаттанарлықсыз болған. Аталған өңірлердегі дайындықты қолдау және нығайту жұмыстары басты назарда болмақ.

Жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін техниканы дайындап қана қоймай, көктайғаққа қарсы материалдың көлемі жеткілікті болуы тиіс. Материалдарды жинау – бұл қыста жолдарда қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етудегі маңызды қадамның бірі.

Өндірістік базаның 520-дан 497-і дайындалды. Бұл жалпы санның 96%-ын құрайды.

Дайындық жүргізіліп жатқан жерлерден 13,8 мың тонна көлемінде көмір жеткізуге шарттар жасалды. Қазіргі уақытта 7 мың тонна тұз, 10,7 мың текше метр көлемінде ұнтақ пен 51,4 мың куб метр құм дайындалған.

Кеңеске қатысушылар жалпы ұзындығы шамамен 1 мың шақырым болатын реконструкция мен күрделі жөндеуден өткен республикалық маңызы бар автожол учаскелерін пайдалануға беру жоспарланып отырғаны туралы да сөз өтті. Аталған үдеріс қосымша ресурстарды, оның ішінде өндірістік базалар мен жол-пайдалану техникасын және штат санын ұлғайтуды қажет етеді.

Ең бастысы – қолайсыз ауа-райында жедел әрекет ету мен жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігі үшін үйлесімді іс-қимылдарды қамтамасыз ету. Яғни, қысқы мерзімге дайындығы жеткіліксіз өңірлерде әзірлікті нығайту бойынша жұмыстарды жалғастыру және материалдардың уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету қажет. Қыс айларында тиімді жұмыс істеу – қозғалыс қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жүргізушілер мен жол қозғалысына қатысушылардың жайлылығы мен сенімділігіне ықпал етеді», – деп атап өтті ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы.

Перизат Саденова
Бөлісу: